Қазақстанда никель өндіретін зауыт салынуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандағы никель өндірісіне жаңа технологиялар енгізілсе, табыс екі есе арта түспек

Оңтүстік кореялық инвесторлар Қазақстанда никель өндіретін зауыт салуға ниетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  «Хабар 24» сайтына сілтеме жасай отырып.

Кәсіпорын кеннен тек никель ғана емес, басқа металдарды да бөліп алуды меңгерген. Ал зауыт жабдықтары өзге нұсқаларына қарағанда әлдеқайда арзан.

Никель зауыты Кванъян еркін экономикалық аймағында орналасқан. Қазір бұл өндіріс Индонезиямен де келісімшарт жасасқан. Онда никель кенін өңдейтін зауыт салынады. Индонезия кенінде никель 1,5 пайызды құрайды. Жаңа технологиялардың арқасында бұл зауытта никельден басқа, кремний, магний және темір өндеуге болады.   

«Технологиямыз кендегі никельдің барлығын дерлік алып тастауға мүмкіндік береді. Қалдықтардан пайдалы ресурстар алынады және мұндай өндіріс Қазақстан экономикасына үлкен көмек. Технология тартылатын инвестиция басқаларға қарағанда 20 пайызға аз. Ал табысы 20 есе көп», – деді өндіруші компания президенті Пак Мин Гю. 

Реакторлар полимерлі материалдан жасалған. Бұл өндіріс шығындарын азайтады. 

Қазақстанда никель Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өндіріледі. Енді өндіріске жаңа технологиялар енгізілсе үлкен табыс әкелері сөзсіз.    

«Осы технологияның иесі болып табылатын компанияның Қазақстанға сапары жоспарлануда, онда бұл технологияны Қазақстанда қолдану мүмкіндігі туралы қазақстандық мемлекеттік органдармен келіссөздер өтеді», – деді ҚР Корея Республикасындағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев. 

Никель әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Ол тот баспайтын болат, сондай-ақ электромобильдерге арналған батареялар өндірісі үшін қолданылады.

Лондон металл биржасында 1 тонна никельдің бағасы шамамен, 14 мың доллар.