$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әр жылдары «билікті басып алмақ болған» және «отанына сатқындық жасаған» қазақстандықтар кімдер?

Олардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшылары

Әр жылдары «билікті басып алмақ болған» және «отанына сатқындық жасаған» қазақстандықтар кімдер?
Фотоколлаж

2022 жылдың 8 қаңтары күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мемлекетке сатқындық жасады деген күдікпен ұсталып, қамауға алынғаны айтылды. ҰҚК мәліметінше, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы күні К.Мәсімовпен бірге аталған комитеттің тағы бірнеше лауазымды қызметкері ұсталды. Алайда, тергеу құпиялығына байланысты олардың аты-жөні әлі айтылмады.

Осы оқиғаға байланысты Azattyq Rýhy тілшісі әр жылдары «мемлекетке сатқындық жасады» және «билікті басып алмақ болды» деген айыппен сотталған қазақстандықтарды түгендеп көрді.

Рахат Әлиев

2007 жылы көктемде Қазақстан ішкі істер министрлігі Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғады. Әлиевке «Нұрбанктің» екі топ-менеджерін (кейін олардың сүйегі табылды - авт.) ұрлады, қылмыстық топ құрды және басқарды деген айыптар тағылды. 2007 жылы мамырда Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Қазақстанда «Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыпқа да ілінген Рахат Әлиевтің ісі құпия. Оған 2013 жылы «2006 жылы оппозицияшыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруді ұйымдастырды» деген айып тағылған. 2008 жылы Әлиев билікті басып алуға дайындалғаны және адам ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрғаны үшін ұзақ мерзімге сырттай сотталды. 2015 жылдың 24 ақпаны күні Рахат Әлиев Вена түрмесінде көз жұмды

Тоқтар Төлешов

2016 жылдың қараша айында елорданың мамандандырылған ауданаралық әскери соты қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен, соның ішінде «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын. ҰҚК шілдеде Тоқтар Төлешовтің жоспарлары туралы хабарлап, елде «тұрақсыздық» тудырып, «дүрбелең ошағы» мен «наразылықтар және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды», «әрекет етуші билік құрылымын өзгертуді» жоспарлаған деп мәлімдеген.

Әлнұр Мұсаев

Бұрынғы ҰҚК төрағасы Әлнұр Мұсаев 2008 жылы Ақмола әскери трибуналының жабық отырысында билікті күшпен тартып алу әрекеті үшін, отанына сатқындық жасағаны, мемлекеттік құпияны жария еткені, дүние-мүлік, кісі ұрлағаны үшін сырттай 35 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сол кезде шетелге қашып кеткен Мұсаевтың ісі 2015 жылы Австрия сотымен қаралды. Алқабилер соты мен Австрияның Жоғарғы Сотының шешімімен ол кінәсіз деп танылды.

Нартай Дүтбаев

2001-2006-шы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Нартай Дүтбаев 2017 жылы 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік құпияны жария еткені және қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылған. Сот үкім шыққаннан кейін оны «генерал-лейтенант» шенінен және мемлекеттік наградаларынан да айырды. 2018 жылы Дүтбаев тағы сотталды. Бұл жолы ол біреудің мүлкін талан-таражға салғаны, қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлікті заңдастырып алғаны үшін айыпты болды және сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Араға бір жыл салып Жоғарғы соттың кассациялық инстанциясы аталған мерзімді 11 жылға қысқартты. 2020 жылы Нартай Дүтбаев мерзімінен бұрын түрмеден босатылды.

Бағлан Майлыбаев және Николай Галихин

2017 жылы 12 қаңтарда  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген («Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету») қылмыстарды жасады деген күдікпен Қазақстан президенті әкімшілігінің қызметкерлері Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихинді ұстады. Екеуі де қылмыс жасағанын мойындады. Ал маусым айында №2 Есіл аудандық соты осы іске қатысты үкім шығарды. Бағлан Майлыбаев кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Николай Галихин Қазақстан Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігіндегі қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, 3 жылға дейін мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ президентке сотталғандарды барлық мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс берілді. Үкім заңды күшіне енді. Істің құпиялылығына байланысты сот отырысы жабық өтті. 2020 жылдың 11 маусымы күні Майлыбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды.

Константин Сыроежкин

2019 жылдың қараша айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Константин Сыроежкинді мемлекетке опасыздық жасағаны үшін кінәлі деп танып, сот үкімін шығарды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша соты Константин Сыроежкинді қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлімі «Мемлекетке опасыздық жасау» бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттады. Сыроежкин – қытайтанушы ғалым, көптеген кітаптың, сондай-ақ орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі мыңнан аса мақаланың авторы. Ашық дереккөздерге сүйенсек, ол Қазақстан саяси ғылымдар академиясының академигі, тарихи ғылымдар кандидаты және саяси ғылымдар докторы, сондай-ақ Синьцзян университетінің құрметті профессоры.

Серіктес жаңалықтары