Алматы экстремистер мен радикалдардың жаңа шабуылдарына ұшырады – Таймерденов
Полиция департаментінің басшысы қала тұрғындарын жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды
Алматы экстремистер мен радикалдардың жаңа шабуылдарына ұшырады. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өкінішке қарай, 5 қаңтарға қараған түні экстремистік топтардың әрекеті күшейе түскен. Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 120-дан астам көлік құралы, оның ішінде 33 полиция көлігі, «жедел жәрдем» бригадасы, өрт сөндіру автомашиналары өртенді.
Сондай-ақ, бизнес зардап шекті: 120 дүкен мен сауда нысандары, 180 қоғамдық тамақтану кәсіпорындары, 100-ге жуық ШОБ кеңселері бұзылды. 500-ден астам бейбіт тұрғын, оның ішінде 130 әйел мен қарт адам соққыға жығылды.
«Қала тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануда. Біз көшеге шыққандарды таратуға шақырамыз. Біздің басты мақсатымыз – зорлық-зомбылық пен радикализмнің ушығуының одан әрі өсуіне жол бермеу. Мен қала тұрғындары мен қонақтарын үйде болуға, үрейленбеуге және арандатушылыққа берілмеуге, ресми дереккөздерден алынған ақпаратты басшылыққа алуға және мемлекетіміздің заңдарын құрметтеуге шақырамын», - деді Қанат Таймерденов.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен Алматы, Алматы облысы, Маңғыстау облысы және Нұр-Сұлтан қаласында коменданттық сағат енгізілді.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері жұмылдырылған, олар заңның, азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғауында тұрады және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысып жатыр.
«Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оның қолданылу мерзіміне қатаң сақталуы тиіс шаралар мен уақытша шектеулер қарастырылған. Төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік көзделген.