Нұр-Сұлтанда екі жарым жастағы қыз бала 26 желтоқсаннан бері ес-түссіз жатыр
Комадағы бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр
Баланың анасы Анастасия Зеленая журналистерге берген сұхбатында «отбасымдағы оқиғаны Facebook әлеуметтік желісіне жазғаннан кейін ғана қызымды қаладағы ауруханалар қабылдауға келісті» дейді.
«Мен 2,5 жастағы баламды ертіп, 26 желтоқсан күні «Доктор Бро» клиникасына келдім... Мен «балама «Севораннан» (ингаляция арқылы салынатын наркоз) басқа қандай да бір препарат егіле ме?» деп дәрігерден бірнеше мәрте сұрадым. Олар тек ингалациялық наркоз жасалатынын айтты. Бірақ, қызым комаға түскенде анықталғаны, оған «Убистезин» (стоматолгиядағы анестезия) мен «Эсмерон» анестезиясы салынған. Қызым 11 тәуліктен бері комада», - деп жазды Анастасия Зеленая.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баланың анасы Анастасия Зеленаяның әлеуметтік желідегі шағымынан кейін жағдайды бақылауға алып, жекеменшік тіс емдеу орталығын тексеруді тапсырды.
«Кеңес беріп, ақыл айтқыш» Instagram
Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина балалардың тісін дәл осы орталыққа келіп емдетуге кеңес берген.
«Доктор Бро» стоматологиялық орталығында шын мәнінде өте жоғары кәсіби мамандар екен. Балаларымның тісін емдеуге тамаша орталық тапқаныма қуанып отырмын. Сол қуанышыммен бөлісейін деп отырмын. Егер СІЗ жақсы тіс маманын, орталық іздеген болсаңыз, «Доктор Бро» барлық қызмет түрлерін көрсетуге дайын», - дейді роликте әнші Қарақат Әбілдина.
Қарақат Әбілдина түскен ролик «Доктор Бро» тіс емдету орталығының инстаграмдағы ресми аккаунтына жүктелген. Тіс емханасының ресми аккаунтында әншінің фотосы да жиі жарияланады. Бірақ, қайғылы оқиғадан кейін орталық өзінің парақшасын «жауып» қойған. Ал, «Доктор Бро» тіс емдету орталығының дәрігерлері «Хабар» арнасында Қарақат Әбілдина жүргізетін «Ана мен бала» бағдарламасына да қатысқан.
Жалпы, Инстаграм желісі – Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалардың жарнама алаңына айналғаны белгілі. Ішетін тамақ, баратын орын, оқитын кітап, киетін киім, туристік фирма, медициналық клиника, сан түрлі биологиялық қоспа, тағысын тағы, талай жарнамадан көз ашу қиын. Желіде балаларға арналған тауарлар мен қызметтердің жарнамасы да аз емес.
Міне, осы сала Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңына сәйкес реттелуі тиіс. Заңға сәйкес, жарнама берушi дегеніміз – жарнама жасау, тарату және орналастыру үшiн жарнамалық ақпарат көзi болып табылатын жеке немесе заңды тұлға. Ал, жарнама жасаушы – жарнамалық ақпаратты тарату және орналастыру үшiн дайын нысанға келтiрудi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (біздің мақалада – әнші Қарақат Әбілдина).
Айта кетейік, Қарақат Әбілдинаның директорына хабарласып, әнші «Жарнама туралы» заңмен танысты ма, бұл клиникамен арада коммерциялық келісімшарт болды ма, жоқ па сұрадық. Директоры Қарақат Әбілдинаның бұл сұраққа жауап бермейтінін мәлім етті. Себебін түсіндірген жоқ. Журналистердің сұрағына жауап бермесе де, әнші кешке жеке парақшасында тікелей эфирге шығып, 3,3 млн оқырманымен тілдескен.
Медицинадағы жарнама жауапкершілігі
Заңгер Айдар Сейітхожиннің айтуынша, Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» заңының 13-бабы, 3-тармағына сәйкес, Қазақстанда медициналық қызметтер, алдын алу шаралары мен құралдары, диагностика, емдеу мен медициналық сауықтыру, дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары, тамаққа қосылатын биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы денсаулық сақтау саласындағы заңмен реттеледі.
Ал, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңның 18-бабы (Денсаулық сақтау саласындағы жарнама) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасын уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асады дейді.
«Тиісінше, медицинадағы жарнама «тұтынушылардың сеніміне қиянат жасау, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынаулардың нәтижелеріне деген сеніміне қиянат жасау арқылы оларды жаңылыстырмауы тиіс.
Осы баптың 3 тармағына сәйкес, 1)дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттардың үлгілерін жарнама мақсатында таратуға; 2) балаларға арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардан басқа, балаларды, балалардың түрін және олардың дауысын дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының жарнамасына қосуға; 3)көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамада бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға; 4) дәрілік препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі оның табиғи жолмен алынуына байланысты деп сендіруге; 5) ұсынылатын көрсетілетін қызметтің, жарнамаланатын дәрілік препаратпен, тағамға биологиялық активті қоспамен емдеудің тиімділігі кепілдендірілген болып табылады, затты қолдану жанама әсерлердің дамуымен ұштаспайды деген болжам туғызуға тыйым салынады», - дейді Заңгер Айдар Сейітхожин.
Тіс емханасының талапқа сай келмейтіні анықталды
Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен тексеру жүргізген құзырлы орган тіс емдеу орталығынан бірқатар заң бұзу дерегін тапқан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова мәлім етті. Оның айтуынша, Анастасия Зеленаяның екі жарым жастағы қызына төрт жасқа толмаған балаларға мүлде салуға болмайтын «Мепивастезин» атты анестезия егілгені анықталған.
«Бұдан басқа, екпе салған стоматолог дәрігердің клиникалық тәжірибеге міндетті рұқсаты жоқ. Оның сертификатының мерзімі 2019 жылдың қазанында бітіп кеткен. Сондай-ақ, тексеру дәрі-дәрмек сақтайтын орында температура мен ауа ылғалдылығын бақылайтын құрылғы болмаған. Клиникада медициналық құралдарды тексеру туралы сертификат жоқ», - дейді Лаура Ахметниязова.