«Атуға рұқсат жоқ»: ШҚО-да төрт түлікті қасқыр қырып жатыр
Жыртқыштар негізінен жылқыға ауыз салады екен
Шығыс Қазақстан облысы Қатоңқарағай ауданында қасқырлар ауыл тұрғындарының малын қырып бара жатыр. Ауылдықтар жыртқышты ата алмайды, заңмен тыйым салынған. Жергілікті биліктен көмек болмаған соң олар түз тағысын аттылы-жаяу үркітіп, қуумен шектеліп отыр. Аңшылық үшін ірі көлемде айыппұл салынады.
Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай, Аққайнар, Қабырға және Жаңаүлгі ауылдарына соңғы уақытта қасқыр жиі шабатын болған. Ашыққан жыртқыштар ауыл іргесіне дейін келіп, малға түсе бастағандықтан шаруалар журналистерден көмек сұрап отыр. Әкім-қаралар шағымымызға құлақ аспай отыр дейді олар.
«Биыл көктемнен бері маза бермей келеді. Мал төлдеп жатқанда ерекше көбейіп кетті. Құлындарға қырғидай тиіп, қара күзде тайларды жарып кетті. Шыңғыстайда қойларды тамақтап кетті деп естідік. Атуға Ұлттық парк өкілдері рұқсат бермейді. Бір жылдары қасқыр қаптаған соң тікұшақпен келіп атқан еді. Қазір де сондай бір шара қажет болып тұр», - дейді ауыл тұрғыны Қуат Сакимов.
Оның айтуынша, қасқыр да өзіне оңтайлы сәтті күтетін көрінеді. Әсіресе қар қасаттана бастаған кезде малға шабады екен.
«Жылдық төліміздің көбін қасқырға береміз. Көктемнің өзінде-ақ оншақты бас құлынды жеді. Осы жолы тайды тамақтап кетті. Күз бен қыста одан көп жемесе, аз жемейді. Ал, былай өрісте кімнен қанша жеп жатқанын қасқырдың өзі білмесе, біз білмейміз. Әкімдіктегілер еш шара қолданып жатқанын көрмедік. Бүйте берсе малымыздан мал қала ма? Бұған кім жауап береді? Біздің шығынды кім өтейді?» - дейді Қуат Сакимов.
Тұрғындар болса қасқыр ауылдың ішіне де кіріп кете ме деп алаңдайды. Ауыл демекші, былтыр Күршім ауданына қарасты бір ауылға арлан кіріп, бір адамды талап тастаған болатын. Абырой болғанда көршілері көмекке келіп, ол аман қалған. Мұндағылар да сол жағдайдың қайталануынан қорқып, алаңдап отыр.
«Түз тағысы ауылдың тынышын алып бітті. Бастабында тай-құлындарға тиісетін. Қазір үлкен байталдарды да жеп жатыр. Бір күні қыстаққа кіріп, адамға шаппасына кім кепіл? Жоқ, әлде жауапты тұлғалар сондай сәттің болуын күтіп отыр ма? Түсінбедік. Бізге осы мәселені шешіп берсе дейміз. Болмаса мылтығы бар аңшыларға қасқыр атуға рұқсат берсін, өз проблемамызды өзіміз шешеміз», - дейді Қанат Нұралин.
Осы ретте аудан әкімдігіндегілер Шыңғыстай, Жаңаүлгі және Қабырға ауылдарында қасқырдың көбейгенін растап, тұрғындардың 40-тан астам жылқысын жеп кеткенін мәлімдеді. Айтарлықтай зардапты Жаңаүлгі ауылының шаруалары тартып отыр. Ресми есеп бойынша, ауылда 27 бас жылқыны қасқыр жеп кеткен. Шыңғыстай ауылында 11 жылқы, Қабырға ауылында 2 жылқы жыртқышқа азық болыпты.
Айта кетейік, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегілер қасқыр аулауға байланысты тұрғындар тарапынан ешқандай өтініш түспегенін айтып отыр. Дегенмен, парк аумағында аң аулауға қатаң тыйым салынған.
«Әкімшілік аумағынан аспай (ұлттық парктің қорғау аумағына өтпей – авт.) қасқыр санын реттеуге қатысты тиісті құжаттармен қасқыр ауланса, ұлттық парк қызметкерлері қарсылық білдіре алмайды. Егер де ұлттық парк аумағына өтіп, заңсыз ауланса, ол қылмыстық әрекетке жатады. Шыңғыстай, Қабырға, Жаңаүлгі ауылдарының тұрғындарынан қасқыр санын реттеуге байланысты өтініш түскен жоқ», - дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Мерхат Нұрғалиев.
Оның айтуынша, осы күнге дейін аңшылар екі қасқыр аулапты. Катонқарағай ауданының аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы аудан адамдарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де айтты. Дей тұрғанымен, сондағы малшыларға әкімдіктің түсіндіру жұмыстарын жүргізгенінен нақты іске көшкені тиімді болып тұр.
Алтайдың алты ай қысында қасқырлардың ашығатыны түсінікті. ШҚО-да тек Қатоңқарағай емес, Тарбағатай ауданының тұрғындары да жыртқыштан зардап шегіп отырғандарын айтты. Қасқыр Ақжар мен Жетіарал ауылдарының малына да шауыпты. Дегенмен, бұл ауданның аңшыларында аң атуға рұқсаты бар. Олар қазір қасқыр аулауға өздері кіріскен. Ал, Қатоңқарағай ауданы аумағында ұлттық парк болғандықтан мұндағы тұрғындар шарасыз отыр.
«Қасқыр ату үшін арнайы рұқсат қағазы болуы керек. Келсім берілген күннің өзінде тек аңның санын реттеуге арналған аумақта ғана жүзеге асырылады. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ерекше қорғалатын орын болғандықтан аң атуға тыйым салынады. Аудан әкімдігінен осы мәселеге қатысты хат келді. Заңда көрсетілген тараптар бойынша жауап бердік. Ол жерге аңды ату емес, үркіту, қорғану жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Тарбағатай ауданында бірнеше аңшыға қасқырды атып, санын реттеуге рұқсат берілген. Жыл соңында барлығының қортындысын шығаратын боламыз», - дейді Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қадірманапқызы.
Ауыл тұрғындары болса түз тағыларын үркітіп-қорқытудан еш нәтиже шықпайтындықтарын айтуда.
Таунар Қайратұлы, ШҚО