Бағаны негізсіз көтергендер айыппұл арқалайды
Елордада азық-түліктің бағасы мереке қарсаңында тағы да шарықтады. Кейбір сауда орындары тауар құнын негізсіз өсірген, деп хабарлайды Астана арнасы.
Бірқатар дүкенде жұмыртқа 25 пайыз үстемемен сатылып жатқаны анықталды. Ал заң бойынша келген бағаға 15 пайыздан артық қосылмауы тиіс. Базарларда да жағдай мәз емес. Сатушылардың өз базынасы бар.
Сатушылардың айтуынша, сауда-саттық жылдағыдай емес көрінеді. Тауар бағасы қымбаттаған, сондықтан сатып алушы аз. Жұрт керегін санап алатын жағдайға жетті дейді сатушылар. Қымбатшылық халықты ғана емес, сатушыларды да шаршатқан сыңайлы. Өйткені базарға келушілер көп болғанымен, сатып алушы аз көрінеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаның бұлайша құбылуының себебі көп дейді. Ол індет бітпей, азық-түлік құнының өсуін тоқтату мүмкін емес екенін кесіп айтты.
«Індет бітпей бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Себебі біздің логистикалық жүйелеріміз, байланыстарымыз өзгеріп кетті. Қазір әр мемлекет өзінің протекционизм саясатын жасап, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу», - деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Агенттік төрағасының айтуынша, бағаны негізсіз көтергендер айыппұл арқалайды. Соңғы жарты жылда жанар-жағармай бағасын негізсіз өсіруге байланысты 12 тергеп-тексеру ісі ашылған. Жұмыртқа нарығында осындай 8 іс, басқа тауарлар бойынша 15 іс қаралған. Кәсіпкерлік нысандарға 540 млн теңге айыппұл салынған.