ШҚО-да рақымшылыққа іліккен 8 сотталушы түрмеден шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Олар сот шешімінен бірнеше сағат өткеннен кейін үйлеріне жіберілген

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында Шығыс Қазақстан облысындағы түрмелерде жазасын өтеп жатқан 8 сотталушы бостандыққа шықты. Олардың біреуі Өскемендегі 156/1 уақытша ұстау изоляторында отырған.

Сотталғандардың өзі процестен бірнеше сағаттан кейін босап шығатынын күтпеген. Туыстары оларды қуана қарсы алды.

«Мен алаяқтық бойынша сотталдым. Жаңа жыл қарсаңында менің бостандыққа шығуым апам үшін тосын сый болды. Мұнда отырған жылдары үлкен сабақ алдым», – дейді Владислав Слободской есімді сотталушы.

Айта кету керек, бұған дейін заңды жүзеге асыру мақсатында жазасын өтеп жатқан азаматтармен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заңды түсіндірген. Фемида өкілдері сотқа материалдарды дұрыс дайындау мақсатында кездесу ұйымдастырған болатын.

Таунар Қайратұлы, ШҚО