Шымкентте балалар үйінің түлегі 10 жылдан бері өзіне тиесілі баспананы ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал жауапты мекеме  "жұмысқа жарамдысың", сол үшін үй кеш беріледі дейтін көрінеді

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте балалар үйінің түлегі Диана Зималова 10 жылдан бері өзіне тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Астана арнасы.

Диана Зималова Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта тәрибеленген. Қазір екі бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. 2008 жылы балалар үйінен шыққан соң заңға сәйкес үй алу үшін кезекке  тұрған.   Содан бері баспанасыз, әр жерге көшіп-қонып, қиналып  жүр.

 «Маған екі бөлмелі пәтер берілу керек деді. Себебі менде ұл мен қыз болғандықтан, солай беріледі.  Мен тиісті құжаттарды жинадым. Әлі күнге алға жылжыған жоқ. Әлі  күтіп жүрмін. Негізі заң бойынша, мен, балалар үйінен шыққаннан кейін пәтерді бірден алуым керек еді. Ал маған әлі күнге баспана берген жоқ», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Диана Зималова.

 Диана – ІІІ топтағы мүгедек. Сондықтан жауапты мекеме  "жұмысқа жарамдысың", сол үшін үй кеш беріледі дейтін көрінеді.  Ал әкімшілік маманының айтуынша, Диана кезекке 2017 жылы тұрған. Негізі ол балалар үйінен шықпас бұрын келіп, тізімге енуі керек. Бірақ орталық қызметкерлері оған  дер кезінде жол көрсетпеген дейді.  Сондықтан Диана енді  қалай болғанда да, кезегін күтуі керек.

Ал Диана тәрбиеленген балалар үйінде 2008 жылдан бері талай өзгеріс болған. Қазіргі басшылық бұл жағдайдан мүлдем бейхабар. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, тиісті шешім қабылдайтындарын жеткізді.