$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.12.2021, 21:15
Қоғам

Алматы облысында саяжайдан қалаға қатынай алмай отырған тұрғындар облыс әкімінен көмек сұрайды

Қоғамдық көлікке қолы жетпей жүрген тұрғындар 15 жылдан бері осындай күй кешіп келеді

Алматы облысында саяжайдан қалаға қатынай алмай отырған тұрғындар облыс әкімінен көмек сұрайды
Фото ашық дереккөзден

Алматы облысында автобус саны аз және кішкентай деп шағымданған тұрғындар аялдамада сағаттап тұрамыз дейді. Әсіресе таңғы және кешкі қарбаласта қиналатын қараша аудан әкімдігінен күдерін үзіпті. Енді жолға жаңа автобус шығаруды және оның санын көбейтуді талап еткен тұрғындар облыс әкімі Қанат Бозымбаевтан көмек сұрайды. Қоғамдық көлікке қолы жетпей қиналған қараша 15 жылдан бері көрген күніміз осы деп күйінеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Тұрғындардың айтуынша, бұл маңда Қарасай ауданына қарасты 30-ға жуық саяжай бар. Халықтың дені Алматыға қатынап жұмыс істейді. Бірақ таңғы және кешкі қарбаласта автобусқа сыймай, қаңғырып қаламыз дейді наразы жұрт. Өйткені екі бағытта жүретін қоғамдық көліктің саны санаулы. Аялдама сағаттап тұратын тұрғындар автобус тар әрі ескі-құсқы деп шағымданады.  

Тұрғындар қала іргесі мен саяжай аралығын жалғайтын қоғамдық көліктер көңілі түспесе, кей кездері жүрмей қоятынын айтады. Тіпті жолаушыларды алалап, «Рахат-1» және «Береке» саяжайына соқпайды екен. Жүргізушілер «жолдарың нашар» деп сылтаурататын көрінеді.

Жол қатынасы қажытқан тұрғындар талай рет аудан әкімдігінің  табалдырығын тоздырдық дейді. Амалы таусылғандар облыстағы  шенеуніктерге де сан мәрте арызданыпты. Алайда халықтың жанайқайын еститін жан табылмапты. Барар жер, басар тауы қалмаған жұрт мәселемізді жүре тыңдайтын әкімдікті жауып тастау керек деп отыр.

Ал әкімдіктегілер Қаскелең автобус паркі басшылығымен түрлі кездесу өткізгенін айтады. Бірақ субсидияға алақан жайған тасымалдаушы компания өкілдері қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып отыр дегеннен әріге аспапты.

Алайда жергілікті билік өкілдері қажет көлемдегі субсидияның қашан бөлінетінін білмей дағдарды. Демек 15 жылға ұласқан мәселенің әлі қанша уақытта созылатыны белгісіз. Ал таяқ тастам жердегі қалаға жете алмай қиналған тұрғындар облыстың жаңа әкімі Қанат Бозымбаевтан көмек сұрайды.

 

Серіктес жаңалықтары