Алматылықтар зообақтағы ягуар күшігіне ат қоя алады
Алматы зообағында ягуар (теңбілшер) күшіктеді
Алматы хайуанаттар бағында ягуар (теңбілшер) күшіктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы хайуанаттар бағының Facebook желісіндегі парақшасында ягуардың күшіктегені туралы жазылған.
«Зообағымызда ягуар төлдеді. Кішкентай ұрғашы ягуар қолайлы жағдайда өсіп келеді. Денсаулығы жақсы. Баршаларыңыздан құттықтаулар мен ізгі тілектер қабылдауға әзірміз», - делінген зообақ парақшасында.
Зообақ басшылығы ягуар күшігіне алматылықтардың ат қоя алатынын, ол үшін арнайы байқау жарияланғанын да хабарлап, тұрғындардан ұсыныстар күтетінін жеткізіпті.
Ал алматылықтар постқа қатысты жылы пікірлері мен лебіздерін білдіре отырып, ягуар күшігіне Меркури, Теңбіл, Шуақ, Инга, Жұлдыз, Старки деген сияқты түрлі аттарды қоюды ұсынған.