Петропавлда мектеп оқушылары мектеп зертханасында C дәруменін жасап шығарады

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Аталған дәрумен коронавирустық инфекцияны алдын алуда пайдалы

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары экологиялық мәселелер мен азық-түліктің  тиімсіз пайдаланылып жатқанына алаңдаулы. Бұл мәселелерді шешу үшін олар Солтүстік Қазақстан топырағынан шығатын өсімдіктерден драже түріндені аскорбин қышқылын жасауды көздеп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Оқушылар химия, биология сабақтарында, сондай-ақ «ECO JELI» экологиялық клуб үйірмелерінде солтүстік өңірінде өсетін итмұрындық, қарақат, шырғанақ, қызыл бұрыш және ақжелкеннің құрамындағы С дәруменінің деңгейін байқамақшы. Сондай-ақ, пайдалы заттарды анықтау мақсатында болашақ ғалымдар жергілікті және импорттық өнімдердің химиялық құрамын салыстыруды көздеп отыр. Бірегей драже жасауға С дәруменінің ең көп мөлшері анықталған жергілікті тағам өнімдері қолданылады.

«Үш айдың ішінде жерлестеріміздің дәрумендік қорын толықтыру мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Өткен қыста шетелдік лимон мен зімбірге сұраныстың күрт артқаны есімізде. Әркім бағаның қымбат болғанына қарамастан өзінің денсаулығын қорғағысы келді. Ал сырттан әкелінген бұл өнімдер кейде тоңазытқышта бүлініп жатады. Біз табиғат өнімдерін тиімсіз пайдалануға қарсымыз. Сондықтан біздің команда шетелден әкелінетін жемістерге жергілікті балама ойлап таппақшы. Ең бастысы, бұл витамин қолжетімді және экологиялық таза болады», - дейді Петропавл қаласындағы НЗМ оқушысы Алихан Гусейнов.

Экологиялық жоба нақты нәтиже берсе, оқушылар дәруменді тіпті өнеркәсіптік ауқымда шығаруға әзір. Айта кетейік, бұл жобаны мектеп оқушыларының құрамасы барлық NIS мектептерінде іске қосылған «Су. Тағам. Энергия» экохакатоны аясында қолға алды. Сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде «ECO JELI» экоклубтары жұмысын бастады. Жаңа білім беру жобасы экология мен табиғатты қорғау мәселелеріне бей-жай қарамайтын мектеп оқушыларының басын біріктіреді. Осылайша балалар өз үйінің, мектебінің, қаласының, тіпті елдің экологиялық мәселелерін шешуге тартылады.