$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

СҚО-да кәсіпкер шенеуніктердің кесірінен субсидия ала алмай жүр

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мойындарына жауапкешілік алғысы келмеген

СҚО-да кәсіпкер шенеуніктердің кесірінен субсидия ала алмай жүр
Көрнекі фото

Солтүстік Қазақстанда кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауға қол жеткізе алмай жүр. Айтуынша, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы субсидия бөлу жөніндегі өтінішті қанағаттандырмаған. Бизнес өкілі атқарушы органның бұл әрекетімен келіспейді. Ол өз құқықтарын қорғау мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан жәрдем сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

МӘСЕЛЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҮҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТЕ ҚАРАЛДЫ

Қызылжар ауданы Шахавское ауылында тұратын кәсіпкер асыл тұқымды қара мал алып, фермерлік шаруашылық ашпақ болған. Алайда, жоспары жүзеге аспады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы оның субсидия алу жөніндегі өтінішін-талабын қанағаттандырмаған. Болашақта шенеуніктер тарапынан қысым болуы мүмкін деген қауіппен ол есімін атамауды сұрады.  Бұл мәселесі бизнесмендердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесте қаралды.

«Кәсіпкерге ветеринарлық бақылау қызметі беретін есептік нөмір болмағандықтан бас тартылды. Алайда, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларында сиыр сатып алу үшін агроөнеркәсіптік кешен субъектісінде осы есептік нөмірдің болуы міндетті деген талап жоқ. Тіпті оны алу шарт та емес. Әдетте, өнімді ішкі нарыққа сататын шағын фермалар есептік нөмірсіз жұмыс істейді, сондықтан олардың көпшілігінде ол жоқ. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуі керек еді», – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейілов.

Талап бойынша мұндай субсидия шағын және орта фермерлік шаруашылықтарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілуі тиіс. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігі де растап отыр. Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері құзырлы органға ресми сұрау жолдаған.

«Мал шаруашылығына субсидия бөлу қағидалардың 2-ші қосымшасына сәйкес, ірі қара малдың тауарлық және асыл тұқымды сиырлармен және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді субсидиялау бағыты бойынша есептік нөмірдің болуы жөніндегі талап регламенті жоқ. Әкімдік екі жағдайда субсидия беруден бас тарта алады: қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және олардағы мәліметтер дұрыс болсама, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының қағидаларда белгіленген критерийлерге сәйкес келмесе», - делінген АШМ ресми жауабында.

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН ДЕМЕУ ҚАРЖЫ БЕРУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТҚАН

Мәселені қарастырған кеңестің барлық мүшесі Солтүстік қазақстан облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан субсидия беруден бас тартуға негіз болмағанына көз жеткізді. Тек отырысқа қатысқан осы мемлекеттік органның өкілі Жаслан Уәлибеков өтінімде есептік нөмірдің болуы туралы жазылған ақпарат бар екенін айтып, өзінің жұмысында олқылық жоқ екенін дәлелдемек болды.

«Субсидиялаудың әрбір бағыты бойынша демеу қаржыны алудың өз шарттары бар. Егер мұндай нөмірдің болуы шарттарда көрсетілсе, онда бас тартуға болар еді. Бізде жағдай керісінше болып тұр. Әкімдік басқармасының мамандары мемлекеттік қызметті өтініш формасы бойынша емес, мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша көрсету керек», – дейді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Инесса Қуанова.

Алайда, басқарма өкілі әзірлеуші органның, шын мәнінде өзінің жоғары тұрған ведомствосының ресми ақпаратын елемей, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты.

«Мұндай шешімдерді қабылдау үшін жауапкершілік Ауыл шаруашылығы министрлігіне емес, басқармаға жүктеледі. Егер субсидия беру талаптарын бұзу тіркелсе, кім айыпты болады? Сондықтан, кәсіпкердің қабылданған шешімге көңілі толмаса, сотқа шағымдануға құқығы бар», - дейді Жаслан Уәлибеков.

Мұндай ұстаным кеңестің барлық мүшелерінің ашуын туғызды. Отырысқа қатысқан мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев көмек беруден негізсіз бас тарту арқылы мемлекеттік органның өзіне жауапкершілік алудан қорқуы туралы өз пікірін білдірді.

«Жобаны әзірлеуші орган бұл жағдайда есептік нөмірдің болуы міндетті емес екенін нақты түсіндіреді. Алайда, осыған қарамастан, басқару өз талаптарын орындауды жалғастыруда. Мемлекеттік орган қайта сақтандырылып, жауапкершілікті өз мойнына алуға қорқатын сияқты, бірақ ол заңға сәйкес нақты шешім қабылдауы керек. Бұл жерде заң бұзушылық фактісі орын алған», - дейді ол.

Отырыс нәтижесінде кеңес мүшелері әкімдіктің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына өтінімдерді қанағаттандырудан заңсыз бас тарту тәжірибесін тоқтатып, Мемлекеттік қызмет көрсету ережелері мен стандартын, сондай-ақ ҚР АШМ әзірлеуші органның түсіндірмелерін басшылыққа алу қажеттігі туралы нұсқау жолдау жөнінде шешім шығарды.

Серіктес жаңалықтары