$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.12.2021, 17:45
Қоғам

Тәуелсіздік бейбіт жолмен келсе де оның артында ата-бабамыздың төккен қаны бар – Елбасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарық көрді

Тәуелсіздік бейбіт жолмен келсе де оның артында ата-бабамыздың төккен қаны бар – Елбасы

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында Қазақстанның Тәуелсіздік жолындағы қиын-қыстау кезеңін баяндады деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мақалада Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы екені жазылған.

«Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.

Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты», - делінген Елбасы мақаласында.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халыққа қисапсыз мол қасірет әкелгенін, ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылғанын, ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кеткенін, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмағанын есіне алады.

«Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, ер-азаматының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек», - дейді Елбасы Н. Назарбаев.

Тұңғыш Президент өз мақаласында азат елдің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенін білуі керектігін айтады.

«Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан», - деген пайымын жеткізеді.

Серіктес жаңалықтары