Петропавлда жазасын өтеушілер ат әбзелдерін жасап жүр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Жазасын өтеушілердің 34 пайызы еңбекпен қамтылған

Солтүстік Қазақстан облысында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген жандар ат әбзелдерін жасайды. Темір тордың ар жағындағы цехта ер-тоқым мен қамшыдан бастап, ұлттық нақыштағы аяқ киімдерге дейін шығарылады. Өндіріс орнын ашқан кәсіпкер бірнеше сотталушыны жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛАР АҚША ТАУЫП, АЙЫБЫН ӨТЕП ЖҮР

Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 тезету мекемесінде 700-ге жуық адам жазасын өтеп жүр. Ұрлық-қарлық жасаған баукеспелерден бастап, кісі өлтірген қандықол қылмыскерлердің барлығын тезге салатын орын. Мекеме басшылығы сотталған азаматтарды еңбекпен түзету мәселесіне баса көңіл бөледі. Айтуларынша жұмыс істеп, табыс табуға машықтанған адамдардан гөрі бос жүрген адамдар қылмыс жасауға, түрмеге қайта түсуге бейім.

Жаза басып, бас бостандығынан айрылғандардың бірі – Дмитрий Бочанцев. Қарақшылық жасап 7 жылға темір торға тоғытылыпты. Оңай олжаға кенелгісі келгенін жасырмайды. Сол қылығы үшін қазір өкінетінін жеткізді. Өтеген мерзімінен өтейтіні басым. Сондықтан уақытын босқа өткізбей өзіне пайдалы іспен шұғылдануды жөн санапты. Еңбек мұндағы ауыр күндерін сәл де болса жеңілдеткендей.

«Цех ашылған сәтте жұмыс істеу жөнінде ұсыныс түскенде көп ойланған жоқпын. Мұндай мүмкіндік барлығына бірдей туа бермейді. Алдын ала кезекке тұрғанмын. Жеке кәсіпкер келіп цех ашты. Тігуді меңгеріп кеттім. Қарапайым бұйымдардан бастадым. Қазір ер-тұрманның заттарын жасаймын. Жылқыны жегуге, салт мінуге қажеттінің барлығын шығарамыз. Уақыт тезірек өтеді. Әрі ақша табасың. Айына орта есеппен 50 мың теңге табамын. Осылайша ай сайын айыппұлды өтеп жүрмін. Кішкентай қызыма ақша жіберемін. Кез келген өнерді шаруаны үйрену оңай емес, осында арнайы маман келіп үйретті. Дегенмен шын ниет болса, бәрін ақырындап меңгеруге болады. Бұған дейін тігін машинасының жанына жақындап көрген емеспін. Шеберлікті жетілдіріп отыру керек. Болашақта ат әбзелдерін ғана емес, былғарыдан басқа бұйымдар да жасап үйренгім келеді», - дейді жазасын өтеуші Дмитрий Бочанцев.

Шағын цехта екі қолға бір күрек тапқандардың тағы бірі Сергей Пыхит. Жазасын өтеуші қайыстан қамшы өріп, жүген жасайды. Теріні илеу технологиясын да үйреніп алған. Ол болашақта былғарыдан басқа да бұйымдар жасап үйренбек ниетте.

«Біз мұнда қамшы өреміз. Ер-тұрман жасаймыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Ат әбзелдерін жасау – күрделі жұмыс. Шеберлік керек. Күніне 3-4 қамшы істеп шығарамыз. Бар назарың істеп жатқан бұйымда болады. Кейде қайда екеніңді мүлде ұмытып кетесің. Қиялға ерік беріп, ойша бостандықта жүресің. Жүйкең тынышталады. Бір жарым жыл өмірім осында өтіп келеді. Енді 2,5 жыл бар. Былғарыдан бұйым жасаудың өз технологиясы бар. Бәрін меңгеріп жүрмін. Өзіңнің қолыңнан шыққан бұйым біреуге пайдасын тигізетініне қуаныштымын. Бұрын құрылыста жұмыс істегенмін», - дейді жазасын өтеуші Сергей Пыхин.

ӨНДІРІСТЕ ЖЕРГІЛІКТІ ШИКІЗАТ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Түзету мекесінде ат әбзелдерін жасайтын цехты жеке кәсіпкер Владмир Осипов ашты. Осылайша ол қазақ халқының ұлттық өнерін жаңғыртуға үлес қосып жүр. Қазір мұнда алты адам ер-тоқым, айыл, жүген, қамшы сынды дүниелерді жасайды. Дайын өнім жергілікті сауда орындарының бірінде сатылады.

«Сұраныс жоғары. Біз ат әбзелдерін жасап қана қоймай, оларды әшекейлермен әрлейміз. Оның үстіне өнімдеріміз таза былғарыдан жасалынады. Сабына тобылғы ағашын пайдаланамыз. Ол беріктігімен ерекшеленеді. Тіпті шетелден келіп сатып алғандар да болды. Ал шикізат – өзіміздікі. Ердің түр-түрін жасаймыз. Аңшылыққа, ат спортымен айналысуға арналғандар бар. Үнемі сұранысты зерттеп отырамыз. Қазір облыс орталығындағы колонияда 600-ден астам азамат жазасын өтеуде. Араларында он саусағынан өнер тамған шеберлер бар. Кейбірі өз бойындағы өнерін цехқа келіп біліп жатыр. Жұмыс істегендері өздеріне жақсы. Өзім де осындай бұйымдарды тігумен айналысамын. Қатты ұнайды», - дейді жеке кәсіпкер Владимир Осипов.

Колонияда 150-ден астам сотталушы жұмыс істеп жүр. Түзету мекемесінің аумағында 5 жеке кәсіпкерлік, тағы сонша серіктестік жұмыс істеп тұр. Жылыжай, қоян шаруашылығы, ағаш өңдейтін цех, шағын құс фермасы мен бірнеше өндірістік цех бар.

«Ең бірінші қарыздары бар адамдар жұмысқа орналасады. Жақсы мінездемесі бар сотталғандар, жұмыс істей алатындар жұмысқа алынады. Мекемемізде 154 адам жұмысқа орналасты. Айта кету керек, бүгінде облыс орталығындағы ЕС 164/3 мекемесінде 10 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Жұмыс істегісі келетіндер көп. Бірінші кезекте ішкі тәртіпті бұзбайтындарға басымдық беріледі», - дейді ЕС-164/3 мекемесінің бөлімше бастығы Бауыржан Рүстемов.

Түзету мекемесінде тағы да бос орындар ашу мәселесі қарастырылуда. Жазасын өтеушілердің 34 пайызы еңбекпен қамтылған.