$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.12.2021, 17:00
Қоғам

Nur Otan шағын және орта бизнеске арналған субсидияларды алып тастау туралы ұсынысқа қарсы

Импортты алмастыру бойынша жұмыс нәтижелерінің төмендігін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де көрсетіп отыр

Nur Otan шағын және орта бизнеске арналған субсидияларды алып тастау туралы ұсынысқа қарсы

Нұротандықтар Ұлттық экономика министрлігінің шағын және орта бизнесті субсидиялауды алып тастау туралы ұсынысына қарсы. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында белгілі болды.

Министрлік келешекте субсидиядан кепілдендіруге ауыстыруға ден қоймақ. Сондай-ақ, салықтық ынталандыру шараларын көбейтуді жоспарлап отыр.

«Қазір шағын және орта бизнесті қолдаудың негізгі құралы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау болып отырғанын министрліктің есіне саламын. Бұл – банктен несие алу қымбат болғандықтан жасалып отырған мәжбүрлі шара. Бізде базалық мөлшерлеме төмендеп, несие қолжетімді болмайынша, субсидиялаудың күшін жою туралы айтуға әлі ерте. Субсидиялау тетігін жақсарту бойынша жұмыс істеуге кеңес беремін», - деді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Жиын барысында партия мүшелері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының нәтижелілігін де талқылады. Мемлекеттік органдардың ақпараты бойынша 700 млрд. теңгеге мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілген.

«Бұл жерде олардың қаншасы іске қосылды, әр жобаның жүктемесі қандай деген сұрақтар туындайды. Қаражаттың 20%-ы өнеркәсіпке мүлдем қатысы жоқ салаларды қолдауға бағытталған. Импортты алмастыруға келсек, Ұлттық экономика министрлігі тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын 144 қаржыландырылған кәсіпорын 2020 жылы осындай өнімдердің жалпы импортының 94% өндірді деп көрсетеді. Алайда, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері мұны растамайды», - деді Аманжан Жамалов.

Нұротандықтар импортты алмастыру бойынша жұмыс нәтижелерінің төмендігін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де көрсетіп отыр деп есептейді.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі негізінен құрылыс индустриясының жобаларын ұсынды. Қазіргі таңда құрылыс материалдарының импорты 1 млрд. АҚШ долларынан асады, ал өңдеу өнеркәсібінің барлық импорты 35 млрд. АҚШ долларынан асса, оның басым бөлігі машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика салаларына тиесілі. Неге бұл салалар бойынша жобалар жоқ? Яғни, мемлекет қаражат бөледі, зауыттар ашылды деп есеп береміз, бірақ статистика мен импорттық тауарлар бағасының өсуіне қарасақ, жағдай басқаша. Жауапты ведомстволар бұл мәселелерге байыпты қарау қажет», - деп атап өтті Кеңес төрағасы.

Жиын қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне кәсіпкерлерді субсидиялау тетіктерін жақсарту бойынша жұмыс жүргізу, сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша іске асырылған жобаларға тексеру жүргізу ұсынылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне салалар бойынша импортты алмастыру жоспарын әзірлеу және әрбір кәсіпорынды нақты қолдаумен қамтамасыз ету ұсынылды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Nur Otan #субсидия