Түркия Еуропадағы ең үлкен кәсіпорынды іске қосты. Ал Қазақстанда қоқыс өртейтін зауыттар қашан салынады?
Қазақстанда жылына 5 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады
Тұрмыстық қалдықтар проблемасы бүгінде бүкіл адамзаттың басауруына айналып келеді. Әлемнің дамыған және дамушы елдері қоқысты жоюдың, қалдықты қайта кәдеге жаратудың сан түрін ойлап тауып, бұл проблеманы өзінше шешуге тырысып-ақ жатыр. Ал, Қазақстанда мұндай идеялар тек теория жүзінде, яғни қағаз бетінде ғана жүзеге асып, практикада біз қоқысты ашық далада өртеуден арыға аса алмай отырғанымыз анық. Бірақ, бұл – проблеманы шешудің жолы емес екені де белгілі: біріншіден – экологияға айтарлықтай залал келіп жатыр, екіншіден – пластик материалдар өртеніп жоқ болып кетпейді, тек бір формадан екіншісіне ауысады.
Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтардың тек 15 пайызы ғана сұрыптаудан өтіп, қайта өңдеуге жіберіледі. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш кем дегенде 30% құрайды.
Мысалы, Финляндияда тұрмыстық қатты қалдықтардың 99%-ы қайтадан кәдеге жарайды. Бұл елде қоқыстың 41%-ы өңделіп, 58%-нан электр энергиясы мен жылу алынады. Финляндияда қоқыс өртеп, одан энергия қуатын алатын 10 зауыт жұмыс істейді. Германияда қалдықтардың 53%-ы қайта өңделеді. Қоқысты алдын ала сұрыптамай тастаған тұрғындарға айыппұл салынады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жылына 5 миллион тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Оның бәрі көп жылдан бері арнайы қоқыс полигондарында қатталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында халық көп қоныстанған қалалардағы экология мәселесіне байланысты сын айтып, тиісті органдардан бір реттік рейдтер, айыппұлдар салу, экологиялық айлық сияқты пайдасы тым аз бастамаларға уақыт құртпауды сұраған. Бұл проблеманы шешуге әлемнің озық технологиялары мен тәжірибелерін қолдана бастау керектігін ұсынған. Соның бірі Waste to Energy (Қоқыс утилизациясынан энергия алу – авт.) технологиясын енгізуді жеделдетуді тапсырды.
Осыдан кейін салалық министрлік жаңа экологиялық кодексті қабылдау кезінде заң нормаларын осы технологияға бейімдеп жазды және еліміздің 6 облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды өртеп, одан энергия алатын зауыттар салу тұжырымдамасын бекітті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі пилоттық жоба ретінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және Қарағанды қалаларында қоқыс утилизациясынан энергия алу кәсіпорындар салуды ұсынды. Ол үшін «Waste2energy» компаниясы құрылып, жаңа салынатын өндіріс ошақтарының экономикалық негіздемелерін жасау тапсырылған. Әлемде WTE (Waste to Energy) әдісімен энергия алып отырған 2 мың зауыт бар. Оның негізгі бөлігі Азия елдерінде сәтті жұмыс істеп тұр. Ал бұрынғы Кеңес елдерінің шекпенінен шыққан елдерде тек Әзірбайжанда қоқыс өртеп, энергия алатын кәсіпорын бар. Ол 2012 жылы салынып, іске қосылған.
Қазақстанда 3,5 мың қоқыс полигонында 120 млн тонна қоқыс жинақтаулы. Биыл наурыз айында жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, соның ішінде 6 қаладан WTE кәсіпорны үшін (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және Қарағанды – авт.) жер телімдерін бөліп, инфрақұрылым тарту және зауыт үшін алдағы 15 жылға жететін қоқыс шикізатымен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Ал қоқыс өртейтін зауыттар салынған жағдайда келетін пайда, энергияның бағасы және экологиялық тәуекелдер мен қоқысты өртеу тәртібі биыл қабылданған «Жаңа экологиялық кодексте» көрсетілген.
Алайда, Қазақстанның экологтары мен экобелсенділері қоқыс өртейтін зауыттардың салынуына қарсылық танытып, петицияға қол қойған еді. Олар қоқысты өртеудің зиян жақтарын санамалап, елімізде тұрмыс қалдықтарын өртеуден келетін қауіптерді көрсеткен. Іс жүзінде ауаны ластау болады. Қоқысты өртеу арқылы утилизациялаудан ауаға диоксин, фуран және тағы басқа ауыр металдар бөлінетінен мәлімдеген. Ал, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі WTE кәсіпорындарын салу барысында Еуропа, Қытай және өзге де дамыған Азия елдерінің тәжірибесіне үміт артып отырғандығын алға тартты.
Қазақстандық делегация жақында Түркия Республикасының қалдықтарды утилизациялау жүйесімен танысу үшін Стамбұл қаласына барды. Салалық министрлік өкілдерінен бөлек Кіші Азия түбегіне жоғарыдағы қазақстандық алты қаланың әкімдік қызметкерлері арнайы барды. Түркияда энергетикалық утилизация жасаудың 5-ші буыны деп аталатын ірі зауыт іске қосылған. Қоқыс өртеу зауыты Түркиядағы алғашқы зауыт және бүкіл Еуропадағы ең ірі кәсіпорын. Зауытты Makyol түрік компаниясы мен жапондық Hitachi бірігіп салған. Оған Стамбұл муниципалитеті тапсырыс берген.
Waste to Energy тұжырымдамасымен салынған бұл өндіріс ошағының құны 646 млн АҚШ доллар (271 млрд теңге- авт.), қазір оның құқық иеленушісі Hitachi Zosen Inova (HZI) жапон-швейцария біріккен компаниясы. Зауыттың негізгі міндеті: Стамбұл қаласынан шығатын қоқыстың 30 пайызын утилизациялау. Ал одан алынатын электр энергиясының көлемі сағатына 77 млн/ Квтт. Бұл жылына шаһардағы 1,5 млн адамды электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Қазақстан тарапы екіжақты келіссөздер барысында осы ірі нысанды іске қосқан инженерлер мен қызметкерлерді сарапшы ретінде елге әкелуге қол жеткізіп отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов W2E технологиясымен энергетикалық утилизация жасау мүмкіндігі Қазақстанда мол екеніне сеннімді. Ол үшін ресурс жеткілікті. Тек тәжірибе мен технологияны меңгеруге уақыт керек. Қазір бұл процесс қызу жүріп жатыр. Сол үшін дамыған елдердегі әріптестермен тығыз байланыс орнату маңызды дейді.
«Біз 2025 жылдан бастап еліміздің бірнеше қаласында қатты қалдықтарды жағып, одан энергия алатын зауыттарды іске қосатын боламыз. Оның жұмыс істеу жүйесі қоқысты жинап, оны сұрыптап, жарамдысын қайта өңдеуге жібереміз. Себебі нарықта оған сұраныс бар. Одан қалған жарамсызын өртеуге мүмкіндік аламыз. Алматыда жылына – 500 мың тонна, Нұр-Сұлтанда – 300-350 мың тонна қоқыс шығады. Айта кету керек, осы екі ірі қалада қоқыстарды шығарғанда азаматтар бірден сұрыптап тастайтындай арнайы контейнерлер орнатылған. Алайда, халықтың экологиялық мәдениеті әлі де көтерілген жоқ. Бірақ, тиісті органдар ол үшін айыппұл салу немесе өзге де тәртіптік жаза қолданғанша, осындай зауыт салып, қоқысты өңдеу және она кәдеге жарату жолына баса назар аударып отыр», - дейді вице-министр.
Айта кету керек, елде пластик өнімдерін шығаратын өндірісшілерге шикізат жетпей жатыр. Олар министрлікке хат жазып, қоқыстан шығатын пластик қалдықтарды сыртқа шығармай, олардың өздеріне беруді сұрап отыр. Кәсіпкерлер өндірісті толық жүруі үшін 30 пайыз пластик шикізаты жетпейтінін айтқан.
«Біз дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Түркияға, Қытайға немесе Канадаға барып, олардың технологиясын тура сондай етіп көшіріп алу міндет емес. Себебі климат, қоқыстың морфологиялық құрамы басқа. Экологиялық кодекс негізінде бізде тұрмыстық қатты қалдықтарды екі рет сұрыптау қажет етіледі. Мысалы Түркияда олай емес, мұнда халық қоқысты шығарған кезде қауіпті, соның ішінде жарылғыш заттарды қоқысқа лақтырмау тәртібін ұстанады. Ал бізде бұл қауіп бар, тәуекелге бас тікпес үшін өртеуге жіберілетін қоқыс тағы бір рет сұрыпталатын болады, - дейді А. Пірімқұлов.
Түркияның ең үлкен қаласы-Стамбұлда бір тәулікте 18 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Әр адам басына 1,7 киллограм. Ресми статитика бойынша, қалада 15,46 млн адам тіркелген. Туристерді қосқанда 20 млн адам өмір сүреді. Стамбұл әкімшілігі 1985 жылы қоқысты сұрыптау туралы арнайы заң қабылдап, сол кезден бері пластик, әйнек, метал және қағазды бөлек-бөлек тастайтын жүйені қалыптастырған. Халық арнайы контейнерлерге алдын ала сұрыптап тасауға дағдыланған. Нұр-Сұлтан қаласында мұндай жүйе 2017 жылдан бері қолға алына бастады. Стамбұлдан жиналған 18 мың тонна қоқыстың 3 мың тоннасы күніне жаңадан салынған «Waste to Energy» зауытына жөнелтіледі.
Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев «Waste2energy» компаниясына Алматыдағы Алғабас шағынауданынан зауыт салу үшін арнайы жер бөлінгенін айтады. Жаңа зауыт орналасқан жердің қасынан 2019 жылы қоқыс сұрыптау зауыты ашылған болатын. Ол кәсіпорынға 2020 жылы 438 мың тонна қоқыс жеткізіліп, одан қайта өңдеуден өткен 42 мың тонна шикізат өнімі алынған. Бұл барлық тұрмыстық қатты қалдықтың 9,6%, ал биылғы жылдың 3-тоқсанында 47 мың тонна өнім алынып, шаһардан шығатын бүкіл қоқыстың 14% қайта өңделген.
Данияр Қырықбаев
«Бүгінгі таңда біз қаланың түрлі бағыттарын дамыту үшін Еуропа, Ресей және осы Түркия сияқты елдермен тәжірибе алмасуға мән беріледі. Біз осы бағытта Стамбұл қаласына келіп, осы қоқыс жүйесін реттеуге байланысты жаңалықтарды өз көзімізбен көріп отырмыз. Стамбұл маңындағы «Waste to Energy» зауыты біздің қиялымызда ғана болса, енді өз көзімізбен көрген соң, оның да біздің елде жүзеге асуы мүмкін екеніне сеніп отырмыз. Алматыда күніне 1500 тонна қалдық шығарылады. Оның өзін сұрыптаған соң (2019 жылы Алматыда қоқыс сұрыптау зауыты ашылды – авт.) 70 пайызын Әйтей елдімекеніндегі полигонға жіберуге мәжбүрміз. Ол жерде ондаған жыл бойы көмілген қоқыстың биіктігі 11-12 қабат үймен тең болды», - дейді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Қазақстандағы қоқыс өртейтін 6 зауытты салу үшін аукцион ұтып алған «Waste2energy» ЖШС өкілі Әнуар Айтаев алғашқы кәсіпорын құрылысы 2022 жылы тамызда басталады деп мәлімдеді. Ол Қарағанды мен Нұр-Сұлтан қаласында болады. Одан кейін Алматы, Шымкент, Өскемен және Ақтөбе қалаларында құрылыс басталады. Бұл кәсіпорындардың экономикалық негіздемелері жасалып жатыр. Сондықтан қазір нақты қаражатын айтуға ерте, дейді компания өкілі.
«Біз Қазақстанда 6 зауыт салу үшін аукционға қатысып, оны жеңіп алдық. Оның талаптары бойынша зауыт салу үшін кем дегенде осындай 10 зауыт салып, бір жылда 8 мың килловат электр энергиясын өндірге тиіссіз. Осы салада 10 жыл тәжірибе болуы керек. Осындай талаптармен біз консорциум құрып кірдік. Қытайда халықаралық ірі корпорация бар. Ол осы күнге дейін 42 зауыт соққан. Сонымен бірге осы жобаға кіріп отырмыз. Үкіметтің талабы – утилизация жасау болғандықтан, біз осы қытайдың ірі компаниясымен бірге зауытты салатын боламыз. Енді назар аударатын нәрсе: зауыттарды Қытай компаниясы салмайды. Олар тек бізге жобасын жасап, технологиясын береді. Бұл жоба аясында Хитачи, Мартин сияқты ірі компанияламен кездесулер жүрігізіп, тәжірибе алып жатырмыз. Қазір экономикалық негіздеме жасалып бітуге таяды. Алғашқы зауыт 2022 жылы жазда салына бастайды», - дейді Ә.Айтаев.
Сергей Глазырев, Еуразиялық университеттің профессоры:
- Түркиядағы жаңа зауыт қоқысты сұрыптаусыз-ақ өртейін мүмкіндікке ие. Бұл технология бойынша 800 градуста барлық қалдық өртеніп кетеді. Ал, өртенгеннен шыққан шлак пен күлді құрылыс мақсатына пайдалануға мүмкіндік жасалған. Яғни, зауыттың маңында цемент зауыты бар, сол жерде шикізат ретінде қоланылады. Түркиядағы қоқыс өртеу зауытында өртенгеннен қалған қалдықтарды утилизациялау мәселесі туындайды. Біздің елде салынатын зауыттарда қалдықсыз өндіріс құру жоспары болуы керек. Яғни, қайта сұрыптаудан қалған қоқыстың белгілі бір мөлшерін ғана өртеп, одан электр энергиясын алу жоспарланып отырғаны белгілі. Ал пластик, темір, әйнек өзге де бұйымдар өртеу процесіне дейін сүзіліп алынады. Одан тыс қауіпті, әсіресе техногендік апатқа әкелуі мүмкін радиактивті заттар да сұрыптап алынады деп естідім. Бұл біздің зауыттардың ерекшелігі. Қазақстанда қоқыстың көлемі Түркия сияқты елдермен салыстырғанда аз. Сондықтан бұл бастаманы жүзеге асыруға болады. Демек, қоршаған ортаға ешқандай қалдық шығармай, оған дейін электр энергиясын алу – бұл біздің негізгі мақсатымыз. Зауыттар іске қосылғанда сол сәтте қаладан шығып жататын тұрмыстық қалдықтарды түгел өртеу және оған қосымша осы күнге дейін арнайы полигондарда жиналып қалған қоқыстарды шетінен пайдалану мүмкіндігі қарастырылып отыр.