Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша газ құю бекетіндегілер мыңнан аса ереже бұзған
Қазақстанда газ баллондарын заңсыз толтыратындарға қатысты жаза күшейтілуі мүмкін. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері осындай бастама көтерді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тәжірибе көрсеткендей, газ пайдаланушылардың көпшілігі ыдыстарын жанармай құю бекеттерінде толтырады, ал бұған заңда қатаң тыйым салынған. Шенеуніктер газ баллонын көбінесе тұрмысы төмен отбасылар пайдаланатынын алға тартады.
Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары көп қолданады. Ал газ құюдың басы-қасында жүргендер істегендері заңсыз болса да, көз жұма қарауды әдетке айналдырған. Сұйық отынды оңды-солды толтырып қалтасын қампайтуды үйренген.
Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша газ құю бекетіндегілер мыңнан аса ереже бұзған, оларға тоғыз миллион теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Заңсыздыққа барғандардың жазасын қатаңдату керек деген төтенше жағдайлар вице-министрі азаматтардың да өз өміріне бейжай қарамауын ескертті.
«Азаматтар тұрмыс газ баллондарын автогаз құю бекетінен толтырмауға тиіс. Олар рұқсаты бар мекемелердің ғана қызметіне жүгінуі керек. Ал заңсыз газ құюшыларға жазаны қатаңдататын уақыт жетті. Тіпті оларды бас бостандығынан айыру да артық болмайды. Себебі мұның арты қайғылы жағдайға әкеліп соғуы әбден мүмкін», - деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев.