Шымкенттегі мектеп ұжымы жалақыларын ала алмай жүр
Бұған бас есепшінің ауысып кетуі себеп болса керек
Шымкентте мектеп ұжымы есепшісіне іздеу салып жатыр. №115 мектепте былтыр бас бухгалтер ауысқалы мұғалімдер жалақысын алудан қалған. Зейнетақы қорына аударымдар бірде түссе, бірде түспей қалып жатыр екен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Биыл келген директор мәселені шешпек түгілі, ұжымға бас көтермеуін ғана талап ететін көрінеді. Ақыры сабыры таусылған педагогтар бүгін қаланың білім басқармасындағыларды шақырып шу шығарды.
Шымкенттегі №115 мектептің екі жылдан бері басынан дауы арылмай тұр. Себебі, былтыр білім беру мекемесінде есепші ауысып, содан кейін ұжым жалақыға жарымай қалған. Яғни бірде айлық жырымдап берілсе, кейде мүлдем берілмей қалады. Одан қалса Еркебұлан есімді есепші ұстаздарды жеке-жеке шақырып, жалақы түгілі, «мектепке қарызсыңдар» деп, өз есебін көрсетеді екен.
Түсініксіз жағдайда қарыз болғандардың зейнетақы қорына бөлінген қаржысы да жоқ. Яғни жарнаға деп айлықтан ақша ұсталғанымен, жарнаға бір бөлігі түссе, кейде мүлдем аудармайтын көрінеді. «Оқу жылы басталғалы қарызсыңдар» деп, мектептің жарығы мен интернетін де өшіретінді шығарған. Биыл қыркүйек айында тағайындалған директор сабырға шақырғаннан бөлек істейтіні жоқ дейді. Енді айлық берер уақыт жақындағанда ұжым тағы да не директор, не есепшіні таппай отыр.
Ұжым талап еткен соң білім басқармасынан бір топ шенеунік жетті. Мәжіліс залы болмаған соң ұжымды аядай сыныпқа жинап, шағымдарын тыңдады. Айтуларынша былтырдан бері болып жатқан бассыздықты бүгін ғана білдік деген олар енді төбе көрсетпейтін директор мен есепшіні іздеп тауып, мәселені шешеміз деп сендірді.
Білім басқармасының сөзіне сенсек былтырдан бері жалғасып келе жатқан былықты бас-аяғы он күнде тексеріп нүктесін қоймақ. Жетпей қалған ақшаны да, зейнетақы қорына түсуі тиіс жарнаны да түгелдеп тастаймыз деп бекініп отыр. Жедел тексерістің соңы директор мен есепшіге оңай болмайтын сияқты. Себебі, осы уақытқа дейін жоғарыдан түгел түскен қаржы ұжымға қитұрқылық жолмен жетпей қалғаны белгілі болса, қортындысымен қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.