Шымкенттегі қуыршақ және жасөспірімдер театрының ұжымы жаңа басшы жұмысына наразы

Автор: Azattyq Rýhy

Театр балаларға арналған көркем дүние жасаудың орнына ересектердің күйін күйттеп жүрген көрінеді

Фото ашық дереккөзден

Шымкенттегі қуыршақ және жасөспірімдер театрынан шу шықты.  Мәдениет саласының майталмандары    соңғы жарты жылда ұжымнан береке қашты дейді. Айтуларынша, қазіргі басшы яғни, директордың міндетін атқарушы азаматтың кесірінен талай білікті маман жұмыстан кеткен, деп хабарлайды Астана арнасы.

Ал театр балаларға арналған көркем дүние жасаудың орнына ересектердің күйін күйттеп жүрген көрінеді.

Шымкенттегі қуыршақ және жасөспірімдер театры ұжымының айтуынша, соңғы алты айда жиырма маман жылы орнын босатқан.  Жаңа басшы білікті кадрларды сақтап қалмақ түгілі жаңадан келгендердің өзіне жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр дейді наразы топ. Қазір тіпті демалыссыз жұмыс істеп жүргендерін айтады.   

Наразы топ ұжымның соңғы уақытта қойып жүрген дүниесі де шала, балалардың сұранысына сай келмейді деп отыр. Кілең ересектерге арналған қойылымға басымдық беріп жатыр дейді. Салдарынан көрермен азайғанын айтады.  

«Гамлет» деген қойылым қойдық жақында. Оның өзі шала. Оған көрермен табылмағаннан кейін 2-3-сынып оқитын балаларды әкеп отырғызды. Көрерменнен айрылдық қой. Бізде қуыршаққа арналған 150-ге жуық қойылымдарымыз бар еді, оның қаншасын қысқартып тастады», – дейді Шымкент қалалық Қуыршақ және жасөспірімдер театрының қызметкері Үсен Алтаев.

Жұмыстан кеткендердің бірі – бұрын бас суретші болған Ақмарал Дәулетәліқызы. Оның айтуынша, жаңа басшы келгелі төрт қойылым әзірлепті. Бірақ қажетті қаржыны бөлгізе алмай қиналдық дейді.   

Ұжым бұл наразылықтарын қазіргі басшы келген алғашқы екі аптада-ақ жоғарыға жеткізген көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ дейді. Ал театр директорының міндетін атқарушы Самат Алтаев бұл айтылғандардың ешқайсысымен  келіспейтінін айтады.  

 «Біз театрдың ішіндегі мәселені өзіміз шешкенімізді қалаймыз. Сіздердің наразылықтарыңызды театр басшылығына не болмаса мәдениет басқармасына ешқайсыңыз айтқан жоқсыздар», - дейді театр директорының міндетін атқарушы Самат Алтаев.

Қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова бұл мәселелерден мүлдем хабарсыз екенін айтады.