Мыңнан астам адам заттай айғақ ретінде тәркіленген көліктерінен айрылып қалуы мүмкін
Олар көліктің ақшасын кімнен өтейтінін білмей дал
Облыстық экономикалық тергеу департаменті жыл басында Ресейден Қазақстанға жылжымалы мүлікті заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты ұстаған болатын. Осы оқиғадан кейін ел шекарасына контрабандалық жолмен өткен темір тұлпарлар тәркілене бастады. Оның заңсыз тауар екенін білмей қалтадағы бар ақшасын шығындап алған көлік иелері сан соғып қалды. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 1500-ден астам адам бірнеше айдан бері өздеріне тиесілі мүлікке қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
КӨЛІК ИЕЛЕРІ ІСТЕ ЖАПА ШЕГУШІ ЕМЕС, КУӘГЕР РЕТІНДЕ ТІРКЕЛГЕН
Қылмыстық іске қатысы бар деп тәркіленген көлік иелері Солтүстік Қазақстан экономикалық тергеу департаментінің жұмысын сынға алды. Аталған мекеме жыл басында Ресейден Қазақстанға көліктерді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топты ұстап, олар әкелген 60 көлікті алып қойған. Артынша контрабандалық жолмен келген басқа автомобильдерді де тәркілей бастады. Жер сипап қалған жүргізушілер, енді не істерін білмей дал. Олардың қатарында бес баланың әкесі Айдос Сұлтанов та бар. Жыл басында бес жарым миллион теңгеге «Тойота» көлігін сатып алған. Шамасы жетпегесін жарты ақшасын несиеге рәсімдепті. Отбасының нәпақасын да осы көліктің көмегімен тауып келген. Жарты жылдан кейін көлігінен айырылып қалатыны үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері темір тұлпардың елге заңсыз жолмен әкелінгенін айтып, заттай айғақ ретінде тәркілеген. Арада бірнеше ай өтсе де автокөліктер иелеріне қайтарылмай отыр.
«Тамыз айында мені полицейлер тоқтатып, бұл көліктің іздеуде жүргенін айтты. Кейін көлікті алып кетті. Міне содан бері көлігімді қайтармай жатыр, соттың шешімін тосыңыз дейді. Маған әлі бес жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден несие төлеу керек. Көлік – мен үшін ақша табудың құралы. Балаларды да осы темір тұлпармен сабағына, үйірмесіне апарып отратынмын. Қазір табыстан айрылып, шығыным көбейді. Біздің жағдайымызды ешкім есепке алып жатқан жоқ. Көлік қазақстандық тіркеуде тұрған болатын. Бұлай боларын білмедім. Танысымның да көлігі солай болып шықты. Көлігіміздің қандай іске қатысы барын да біліп жатқан жоқпыз. Қолхатпен автомобильді өзіме қайтаруды өтіндім, бірақ экономикалық тергеу департаментінің мамандары келіскен жоқ. Пайдалана алмай отырған көліктің салығын да төлеймін», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айдос Сұлтанов.
Шеттен арзан көлік әкелгендер базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жиналды. Абайсызда опық жегендердің айтуынша, қылмыстық топтың кесірінен 1500-ге жуық адам жапа шеккен. Алайда, құзырлы орган қылмыстық істе оларды жәбірленуші ретінде емес, куәгер ретінде қарастырып отырғанын түсіне алар емес.
«Егер тергеу бөлімі бізді жәбірленушілер ретінде қарастырса, онда біз көлікті сатқан кісіні сотқа беріп, одан өтемақыны талап ете аламыз. Ол көліктерді Қазақстанға заңсыз жолмен кіргізген біз емес. Бұл жігіттер автомашиналарды тер төгіп тапқан ақшасына сатып алды. Енді куәгер болып отырмыз. Бұны қалай түсінуге болады? Бір көлікке ақша жинау үшін жылдар бойы еңбектену керек. Сонда мемлекеттік орган бізді осылай жем қылып қоя ма?» - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Абылайхан Байғынбеков.
ЖАПОНИЯЛЫҚ КӨЛІКТЕР АРНАЙЫ АЛАҢДА ЖОЙЫЛУЫ МҮМКІН
СҚО Экономикалық тергеу департаменті мамандары, бұл адамдар куәгер санатында қалатынын жеткізді. Бірақ оны түсіндіріп жатпады. Тіпті, осы уақытқа дейін қанша темір тұлпарды тәркілегендерін де айтуға құлықсыз. Заңсыз көліктер әлі де іздестіріліп жатыр деп қысқа қайырды.
«Бұл экономикалық контрабанда фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс. Әзірге көп ақпаратты жария ете алмаймыз. Мәселенің соңғы нүктесін құзырлы орган – сот қояды. Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс бітуге жақын. Пысықайлар жапониялық автокөліктерді Ресей арқылы Қазақстанға автобөлшек ретінде кіргізіп, артынша жалған нөмірмен сатып отырған. Бұл көліктер қазір әлі де іздеуде жүр. Ал тәркіленген көліктерге қатысты нақты шешімді сот шығаратын болады», - дейді СҚО Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Дулат Телекеев.
Сондай-ақ, мамандар аталған қылмыстық топты қолға түсірген кезде ірі қойманың ішінен әлі сатылып үлгермеген 60 көлікті тапқан. Ізінше күдіктілердің құжаттарын ақтарып, заңсыз көліктердің саны бұдан бірнеше есе артық екеніне көз жеткізген. Қылмыстық іс әлі сотқа жолданған жоқ. Сондықтан процестің қашан басталатыны да беймәлім. Сала мамандары көлік иелерінің талап-арызын қабылдамаса, Жапонияның жүздеген қымбат көліктері арнайы алаңда жойылуы мүмкін. Ал, оның иелеріне құнын кім өтейтіні беймәлім.