Солтүстік Қазақстан облысында екі айдан бері жылусыз отырған ауыл тұрғындары прокуратураға шағымданбақ
Өйткені әкімдік табалдырығын қанша тоздырса да, нәтиже жоқ
Солтүстік Қазақсан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары 2 айдан бері жылуға жарымай отыр. Олар былтыр орталық жылу жүйесіне қосылса да, үйлерін пеш жағып жылытуға мәжбүр. Кімнен көмек сұрарын білмей дал болған қараша халық бала-шағасымен тоңып отырғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Әкімдіктің табалдырығын әбден тоздырсақ та, мәселе шешілер емес дейді. Енді тұрғындар прокуратураға арыз жазбақ.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы екі қабатты үйлер өткен жылы орталық жылу жүйесіне қосылған. Мұндағы 14 отбасы жылумен қамтамасыз ететін компанияға әрқайсысы 300 мың теңгеден жинап берген. Жылуға қосылғандарына 1 жыл болса да, үйде жылу жоқ, батареялар қатып қалған дейді тұрғындар. 2 айдан бері баспанасында жаурап отырған халық мұңымызды тыңдайтын жан жоқ деп қынжылады.
«Тұрғындар шаршады. Жазамыз, хабарласамыз, ешкім дұрыс жауап бермейді. Келіп жағдайымызды қарап кетеді, сонымен бітті. Ешкім ештеңе істеп жатқан жоқ. Біздің жаурап отырғанымыз мынау», – дейді Бескөл ауылының тұрғыны Александр Колесников.
Жылудан шет қалып қойған тұрғындар үйде қабат-қабат киініп жүреді екен. Балалары суық тигізіп, ауырып та қалған. Арасында зейнетке шыққандар, өз бетімен пеш жаға алмайтындар да бар. Орталық жылу жүйесіне ай сайын ақша төлеп жүргеніміз аздай, отын-көмір алуға тағы шығындалып отырмыз дейді халық.
«Мен 200 мың теңгеден артық ақшамды жылуға қосылу үшін бердім. Енді міне, отынға тапсырыс бердім, көмірді де өз ақшама аламын. Менің шығынымды кім өтейді? Мен орталық жылыту жүйесіне сонда не үшін қосылдым? Бізге ұнамаса, жүйеден ажыраңдар дейді. Бұл қалай сонда? Маған біреу ақшамды қайтара ма? Орталық жылы жүйесіне көшкеннен кейін жағдайымызды реттеп бермей ме?», – деп күйінеді тағы бір тұрғын Юрий Смирнов.
Тұрғындардың уәжін тыңдауға келген Бескөл ауылдық округінің әкімі мәселе құбырда дейді. Оны жөндеу үшін мамандарды облыстан тартып жатқанын жеткізді. Дегенмен бұл мәселенің неге қыс басталмай жатып шешілмегенін түсіндіріп бере алмады.
«Негізі, Бескөл аулында 86 көппәтерлі үй бар. Соның 30-ын биыл қосты. 50 үйді былтыр қосты. Жалпы, 80 үй орталық жылуға қосылған. Биыл қосқан үйлерде кейбір мәселелер туындап жатыр. Оны жылыту маусымы басталғалы бері жайлап шешіп келе жатыр», – деді Бескөл ауылдық округінің әкімі Қанат Қыдырбаев.
Жылу құбырына қатысты оқылықтарды түзейтін мамандардың қашан табылары белгісіз. Әкімдік тұрғындарға бір аптаның ішінде отын мен көмір әкеліп көмектесеміз деп отыр. Олардың құр уәдесіне тойған тұрғындар бұл жолғы сөзіне сенер-сенбесін де білмейді. Бірақ халықтың қыс аяқталмай жылу қосылып қалар деген үміті басым.