Елордада  Көктал шағын ауданының тұрғындары жылусыз отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал мердігер компания үйдің әлі пайдалануға берілмегенін айтады

Фото ашық дереккөзден

Елордада  Көктал шағын ауданының тұрғындары   жылусыз отыр. Айтуларынша, мәселе  4 жылдан бері  шешілер емес.  Себебі олардың қолында баспананың құжаты  жоқ, деп хабарлайды Астана арнасы.

 Ал мердігер құжатты әне береміз, міне береміз деп жүрген көрінеді.

Бес қабатты үйдің тұрғындары  жыл сайын қыста ыстық су мен жылудың жоқтығынан  әбден қиналатынын айтады. 110 отбасы қазір де тастай суық үйде дірдектеп отыр.   Амалсыздан, электр пеш қосады, бірақ ол жарық ақысын еселеп жібереді дейді.

Тұрғын үйде пәтер иелерінің кооперативі де жоқ.  Себебі пәтерлердің құжаттары әлі рәсімделмеген.

Ал мердігер  компания басшысының айтуынша, үй әлі пайдалануға берілмеген. Құжаттары әзір болмаса да, тұрғындар өтініш айтып, өздері  көшіп келді дейді. Сондықтан кейбір мәселелер біртіндеп шешіліп жатқан көрінеді.    

«Қазіргі уақытта 1-ші кезектегі барлық пәтерлер 100% тапсыруға дайын.  Пәтерлерді пайдалануға беру актілеріне бүкіл құжаттар дайын. Газ қазандық орнатылды, ішкі су құбырлары дайын, газ қызметіне өтініш берілді.   Жоспар бойынша көпқабатты тұрғын үй санаулы күннен кейін газға қосылады», - дейді «Аруана» ХХІ ЖШС Бас директоры Эльхами Хуросони Амир.

Бірақ  мердігердің мұндай уәдесіне әбден тойған  жұрт бұл тағы да сөз жүзінде қала ма деп алаңдайды.