Жамбылда шенеуніктер дауылдан келген шығынды есептеп үлгере алмай жатыр
Дегенмен қалада табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары басталып кетті
Жамбылда жолындағысын жайпаған желден келген шығынды шенеуніктер есептеп үлгере алмай жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Тіпті әлі жарыққа қосылмаған елдімекендер бар. Табиғаттың тосын мінезі бір адамның өмірін жалмады. Зардап шеккендер арасындағы балалардың бірінің омыртқасына зақым келген. Тағы 4 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Дегенмен қалада табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары басталып кетті. Ал аудандарға көмек әлі жетпеген.
Желдің зардабын жоюға аймақта 4 мыңнан аса маман мен 165 техника жұмылдырылған. Шығын көлемі әлі белгісіз.
Кейбір елді мекендерде баспанасыз қалған тұрғындар бар. Үстіне бағандар мен ағаш құлап зақымданған автөліктерде сан жоқ. Мамандар әлі анықтап жатыр. Алайда төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ деп отыр әкімдіктегілер.
Өңірдегі 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй мен 300-дей жеке секторға зақым келген. Одан бөлек әлеуметтік нысандардың шатырлары ұшқан. Қазір аймақтағы жолдар барлық бағыт бойынша ашық. Төтеншеліктер жолда қалған 100-ден аса жолаушыны құтқарыпты. Облыс бойынша 53 адамға медициналық көмек көрсетілген. 4-уі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал, қайтыс болған бозбала Жалпақтөбе ауылында үйнің шатырынан құлаған.