$ 511.18  530.6  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.11.2021, 00:15
Қоғам

Қостанайда субсидия көлемі артпаса, жолақы қымбаттайды

Биыл қостанайлық жолаушы тасымалдаушылар субсидия ретінде миллиард тенгеге жуық қаржы алған

Қостанайда субсидия көлемі артпаса, жолақы қымбаттайды
Фото ашық дереккөзден

Қостанайлық жолаушы тасымалдаушылар қаржы тапшылығын тартып отыр. Оның себебін дизель отыны бағасының күрт қымбаттауымен түсіндіреді, деп хабарлайды 24.kz  арнасы.

Сол себепті жолаушы тасымалдаушы компаниялар бюджеттік субсидия мөлшерін арттыруды сұрайды. Олай етпесе, жолақы тарифін көтереміз деп отыр. Қостанай облысында 42 компания жолаушылар тасымалымен айналысады. Барлығы 148 автобус қызмет көрсетеді. Олар осыған дейін де талай рет тарифтің төмендігін алға тартып, мәселе көтергендігі мәлім.

Енді дизелдік отын бағасының 30 процентке өсуі жығылғанға жұдырық болды дейді. Беріліп жатқан субсидия өте аз. Кейбірі жүргізушілердің еңбекақысын қысқартуға мәжбүр болған.

«Бізде қазірдің өзінде жүргізушілер тапшы. Әр кәсіпорында 20-50 процент жүргізушілер жетіспейді. Оның ақыры ереуілге алып келуі мүмкін немесе автобус жүргізетін адамсыз қаламыз. Соның салдарынан бүгінде қажетті көлемдегі көліктерді маршрутқа шығара алмай отырмыз», – деді жолаушылар тасымалдаушы компания өкілі Виктор Мущинский.

Қостанай облысында 2018 жылға дейін жолаушылар тасымалына субсидия бөлінген емес. Тек содан бері жағдай күрделене бастаған соң демеуқаржы беріле бастады. Осы күнге дейін 34 қоғамдық көлік маршрутына бюджеттен қаржылай қолдау көрсетіліп келді. Олардың барлығы әлеуметтік маңызы бар санатқа жатқызылды.

Биыл қостанайлық жолаушы тасымалдаушылар субсидия ретінде миллиард тенгеге жуық қаржы алған. Әрине ол есепсіз ақша емес. Қалалық әкімдік өткен жылдағы жолаушылар ағымын ескере отырып, осыншама қаржы бөлуді ұйғарған. Ал 2021 жылы қоғамдық көлік қызметін пайдаланғандар былтырға қарағанда екі есе көп болыпты. Тиісінше субсидия да өсуі тиіс қой. Мұнымен қалалық әкімдік өкілдері де келіседі.

«Қаңтардан қазан айына дейін ғана қоғамдық көлік қызметін пайдаланғандар саны 25 миллионға жеткен. Әрине 2020 жылмен салыстырғанда әжептәуір көп. Ал бастапқы есеппен бөлінген демеуқаржы аз болып тұр. Енді бюджеттен қаржыландыру мәселесі қайта қаралатын болады. Ал жол жүру ақысын өсіру жайы қозғалған жоқ», – дейді Қостанай қалалық ТКШ, автожол және жолаушылар көлігі бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.

Тарифтік комиссияның отырысы алдағы желтоқсан айында өткізілмек. Тасымалдаушылар бұл мәселе өз пайдаларына шешілмесе, жолақыны көтеруге өтініш береміз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары