«Жаңажылдық кеш өткізуге тапсырыс беруге асықпаңыздар!»: Алматының бас санитар дәрігері мәлімдеме жасады

Azattyq Rýhy

Қалада коронавирус өршіп кетпесе, 24 қараша күні «жасыл» аймақтың карантин шаралары енгізіледі

Фото ашық дереккөзден

Алматыда жаңажылдық кештер өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Алматының бас санитар дәрігерінің мәлімдеуінше, мегаполисте эпидахуал жақсарып келеді. Себебі бір апта ішінде вирусқа шалдыққандар саны 129 адамға төмендеген. Бірақ қалада жұқпалы респираторлы вирустың өршуіне байланысты коронавирус дендеп кетуі әбден мүмкін екен. Сондықтан Жандарбек Бекшин ешқандай мерекелік шараларды жоспарламай қоя тұруға кеңес берді.  

«Еуропа мен Ресейде вирус өршіп тұр. Әсіресе коронавирустың «дельта» штамы қаншама адамның өмірін жалмады. Көрші елдерде осындай жағдай болып жатқанда, қалада әзірге көпшіліктің қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізуге болмайды. Қазірдің өзінде індетті жұқтырып жатқандар аз емес. Желтоқсанда тіпті көбейіп кетуі мүмкін деп болжап отырмыз. Сондықтан жаңажылдық кештерді өткізуге тапсырыс беруге асықпаңыздар!», – деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ қалада коронавирус өршіп кетпесе, 24 қараша күні «жасыл» аймақтың карантин шаралары енгізіледі. Және сол күні дәрігерлер мен полицей, мұғалімдерді ревакциналау басталады. Қазір мегаполисте оған дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен карантин ережелерін сақтамайтын адамдар қатары азаяр емес. Бүгінде оқшаулау режимін сақтамаған 70 алматылыққа 87 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.     

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.