«Қарызымызды толық кешірсін»: Алматыда борышкерлер наразылықтарын білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Ал Ұлттық банк өкілі мемлекет несиемді толық өтеп берсін деген талап мүлдем қисынға келмейтінін айтады

Фото ашық дереккөзден

Алматыда бір топ борышкер Қаржы нарығын реттеу агенттігінің алдында наразылық білдірді. Кезінде ипотекаға баспана алып, енді сол несиесін төлей алмай жүргендер «қарызымызды толық кешірсін» деген талап қойды. Көбісі банк  жалғыз үйімізді тартып ала ма деп қорқады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қаржы тапшылығын алға тартқандар қордаланған берешекті толық өтеп беруді сұрайды. Ал Ұлттық банк өкілдері борышкерлерді жеке-жеке қабылдап, мәселені шама-шарқымыз жеткенше шешуге тырысамыз деп сендірді.

 «Үйді 2007 жылы ипотекаға алғанбыз. Жұмыс болмай қалды. Мені ешқандай жерге жұмысқа алмайды. Төлей алмай қалдық. 36 жастағы балам екінші топтағы мүгедек. Үйім әлі банктің атында тұр. Қарыз өтелген жоқ. Жауап жоқ. Несиемді төлеп берсін. Пәтерімді өз атыма аударып берсін. Төлеуге шамам келмейді», - дейді борышкер Гүлбақыш Әбиетиева.

Шағымданушылардың арасында ипотекадан бөлек, қаржылай несие рәсімдегендер де бар. «Қымбатшылық қысып, күнкөріс қиындады» деген олар несиелік амнистия жариялансын деп ұлардай шулады.

Ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы осы күнге дейін борышкерлердің 268 млрд теңге үстеме пайызын кешірген болатын. Бірақ әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасылар осы жеңілдікке қарамастан, берешегін төлей алмады. Мұны ескерген мемлекет өткен жылы аталған бағдарламаға өзгертулер енгізіліп, арнайы санатқа жататын жандарға тағы да көмек көрсетуді ұйғарған еді.

 «Қазір бағдарламаның үшінші бөлігі жүзеге асырылып жатыр.Әлеуметтік осал топқа жататын борышкерлердің негізгі қарызын азайту, ай сайынғы төлемі 20 000 теңгеден сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайтын және қарыз алушының табысы  ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті арнайы топтың тізімі де кеңейтілген. Шулап шоу ұйымдастырудың қажеті жоқ. Бар болғаны өтініш жазу керек», -  дейді Ұлттық банктің басқарма басшысы Александр Терентьев.

Александр Терентьев ақшалай несие алған азаматтарға шама-шарқымыз жеткенше көмек қолын созуға дайынбыз дейді. Бірақ мемлекет несиемді толық өтеп берсін деген талап мүлдем қисынға келмейтінін айтады.  Қазақстанда ипотекалық несие мөлшерлемесін азайтуға арналған бағдарламаға 8 мыңға жуық адам іліккен. Ұлттық банк өкілдері осы тізімдегі 7 мың адамның мәселесін бір жақты қылдық деп отыр. Бас банктегілер қалған мың борышкердің талап-арызын жеке-жеке тыңдап, осы түйткілдің түйінін жылдың соңына дейін тарқатуға уәде берді.