Ауыл тұрғындары мәдениет үйінің маскүнемдер мекеніне айналғанына ашулы

Автор: Azattyq Rýhy

Ал жөндеу жұмыстары біраз уақыттан бері кейінге шегеріліп келеді

otyrar.kz

«Мәдениет үйі ішімдікке салынған қаңғыбастардың баспанасына айналды» деп дабыл қағуда Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғындары. Бұл туралы Отырар.тв хабарлайды.

Мәдениет ошағындағы «мәдени өмірдің» баяғыда сөніп қалғанын айтып шағымданған тұрғындар «мұнда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген» дейді. Тіпті, қазірдің өзінде ғимараттың қабырғасы қаусап тұрған көрінеді.

Ауыл халқы жергілікті мәдениет үйінің ғимараты бүгінде қаңғыбастар мен маскүнемдердің баспанасына айналып, ішіндегінің бәрі қирап қалғандығын айтады. Жөндеу жұмыстары біршама уақыттан бері қайта-қайта кейінге қалдырылып келеді екен. Ал себебін ешкім білмейді. Шарасыз ауыл тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ.

«Бұл ғимарат апатты жағдайда. 2018 жылдың соңында жобалық құжаттары дайын болды. Жаңа ғимараттың құрылысын бастау үшін облыс әкімдігіне бірнеше рет хат жазғанбыз. Қандай себептермен бұл жұмыстың іске аспай жатқандығын маған да айту қиын», - дейді Түлкібас аудандық мәдениет бөлімінің өкілі Бауыржан Сармышев.

Айта кететін жайт, егер де ауылдан біреу үйірмеге немесе мәдени шараларға қатысқысы келсе, Ынтымақ ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан Састөбе ауылындағы мәдениет үйіне баруына тура келеді