$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.11.2021, 12:24
Қоғам

Малына азық таппай қиналған шаруалар облыс әкімін кабинетіне іздеп барды

Бірақ өңір басшысын жұмыс орнынан таба алмады

Малына азық таппай қиналған шаруалар облыс әкімін кабинетіне іздеп барды
Фото ашық дереккөзден

Жаз бойы қуаңшылықтың зардабын тартқан шаруалар Маңғыстау облысы басшысы Нұрлан Ноғаевтан көмек сұрап, әкімдіктің есігін қақты. Қорадағы малына азық таппай қиналған шаруалар жағдай бұлай жалғаса берсе өңірде төрт түліктен түк қалмайтынын айтып дабыл қағуда. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Облыс әкімін кабинетінен таба алмаған шаруалардың талап-арызын тыңдауға Ауыл шаруашылығы басқармасының жаңа басшысы шықты. Алайда басқарма басшысы үкіметтен тиісті көмектің көрсетіліп жатқанын айтумен ғана шектелді.

“Мал азығы да шаруа қожалықтарында тапшы екенін көріп отырмыз. Мал азығы нашар болғандықтан малдың да күйі, құндылығы өте төмен. Бірақ оған қарамастан үкімет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Тап қазір әкім келе алады деп айта алмаймын. Әкімнің де жоспарланған шаралары бар", - деді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.

Ал мал бағып отырған азаматтар Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс білдіргісі келген. Төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттен көмек берілсе, өңірдегі қалған мал басын аман алып қалуға болады дейді олар.

Сонымен қатар құдық қазу, жайылым және шабындық жерлерді дұрыс игеруге көңіл бөлінсе деген де тілектері бар.Одан бөлек, Маңғыстаудың жабы жылқысын және түйесін асыл тұқымды мал қатарына енгізіп, заңнамаларда көрсетілген түрлі көмектер берілсін деп отыр. 

Қазбек Тәшімовтің айтуынша, қазіргі уақытта қысқы мал азығы үшін 68 мың тонна шөп, 30 мың тоннадан астам жем қоры дайын тұр. Алайда шаруалар мал азығының бағасын арзандатуды сұрап отыр.

 

Серіктес жаңалықтары