Сержанттың жалақысы 81 мыңнан 140 мың теңгеге, лейтенанттікі 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артады – Ерлан Тұрғымбаев
Ведомство басшысы әлеуметтік кепілдіктердің де жақсаратынын атап өтті
Қазақстандық полицейлердің жалақысы 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен көтеріледі. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
«Бүгінде полиция қызметкерлерінің жалақысы құқық қорғау органдары арасында өте төмен. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап кезең-кезеңмен жалақы көтерілуде. 2023 жылға дейін 50-ден 90 пайызға дейін өсіру көзделген. Осылайша, сержанттың жалақысы – 81 мыңнан 140 мың теңгеге дейін, лейтенант – 103 мыңнан 174 мың теңгеге дейін артады», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Сондай-ақ, ведомство басшысы әлеуметтік кепілдіктердің де жақсаратынын атап өтті.
«Бүгінде тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеу әскери қызметкерлерге ұқсас тұрғын үй төлемдері механизміне ауыстырылды. Бүгінгі күні осы жеңілдікке құқығы бар қызметкерлерді қамту деңгейі 72%-ға дейін жеткізілді. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан және жарақат алған қызметкерлердің отбасыларына тұрғын үй төлемдерін сақтау жөніндегі заңнамалық норма көзделген», - деді министр.
Тұрғынбаевтың сөзінше, соңғы үш жылда Қазақстанда қылмыс деңгейі айтарлықтай өспеген.