Алматы облысындағы елдімекен тұрғындары суық күнде жылусыз отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Себебі көгілдір отын жүргіземіз деген мердігерлер уәдесінде тұрмаған

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысына қарасты Қоянқұс елдімекенінде 40-қа жуық үй ызғарлы күндерде жылусыз отыр, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Ауыл халқының сөзінше, мердігерлер көгілдір отынды қазан айында жүргізіп береміз деп уәде еткен. Тұрғындар тіпті, жұмыстың жарты құнын төлеп те қойған. Алайда еш нәтиже болмағандықтан, қара суықта көмір жағып амалдай тұруға мәжбүр. 

Іле ауданының тұрғыны Айбек Мылтықбаев Қоянқұс елдімекеніне 2019 жылы көшіп келген. Азаматтың сөзінше, баспанаға көгілдір отын кіргізіп береміз деген мердігерлер өз қызметінің бастапқы төлемін төлетіп, қазан айында үйге жылу беріледі деп сендірген. Алайда олардың уәдесін орындамауынан қазір тұрғындар көмір жағып, үй жылытып отыр.  

«Осы қысқа дайын газбен отырасыңдар деп айтқан. Енді, міне, қыс та келді, бірақ газ жоқ. Одан кейін қазанда беріледі деген, енді қарашада, содан соң желтоқсанда деп созып жатыр. Біздің шиеттей бала-шағамыз бар, жақын жерде балабақша бар. Бәрі жылусыз отыр», – дейді Іле ауданының тұрғыны Айбек Мылтықбаев.     

Мердігерлер қазіргі таңда сыртқы жұмыстың бәрі аяқталғанын және осы қыста көгілдір отын толық жүргізілетінін айтты. Ал уәденің уақытында орындалмауына өзіндік себептер бар дегенді алға тартты.      

«Бүгінде барлық құжат, келісімшарт Іле ауданының архитектура бөлімінде жатыр. Белгілі бір уақытқа белгіленген соң, соған байланысты біз күтіп отырмыз. Қалай дайын болады, елге солай газды жеткіземіз», – деді мердігер компанияның директоры Кенжехан Иманбердиев.

Жауапты мамандар көп жағдайда мердігерлер көгілдір отынды тұрғын үйге тартқан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді дейді. Тіпті, кейбірі халықтың ақшасын қалтасына басып, ізін суытатынын айтады. Сондықтан жұртшылықты абай болуға шақырады.