Пәтер жалдауға шамасы жетпейтін студенттер паналайтын жер таппай сабылуда
Еліміздегі жоғары оқу орындарында студенттер жатақханасы жетіспейді. Шалғай ауыл-аймақтан білім іздеп келген жастар паналайтын жер таппай сабылып жүр, деп хабарлайды КТК арнасы. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ахуал қиын.
Биыл жалдамалы пәтер бағасының да шарықтап кеткені белгілі. Жайлы үйді жалдауға шамасы жетпеген кей студенттер жертөледе орналасқан қонақүйлерді паналап жүрген көрінеді.
Мәселен, Астана ІТ университетінің студенттері оқу орнының жатақханасынан орын таба алмағандықтан, көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан қонақ үйдің аядай бөлмесінде тұрып жатыр.
Ал білім ордасының басшылары жатақханаға сыймаған студенттерге бағасы қолжетімді қонақүйлердің тізімін ұсынған. Басшылық жатақхана жетіспеушілігін осылай шешпек болғанға ұқсайды. Тіпті оқу ордасына жақын маңдағы тұрғын үйлерді сатып алып жатақханаға айналдырған.
Жатақханадағы орын тапшылығы кәсіпкерлердің айын оңынан туғызып тұр. Тұралаған бизнестерін студенттер арқылы жандандырыпты.
Ал Білім және ғылым министірлігі «жағдай бақылауымызда» деп сендіріп отыр. Құрылыс нысандарын жатақханаға айналдыру да министірліктің ойлап тапқаны екен.
«Елімізде жыл санап студенттер қатары көбейіп келеді. Сол себепті жатақхана мәселесі өзекті болып тұр. Елорда мен Алматы қалаларында жер қымбат, ғимарат салудың өзі біраз шығын. Сондықтан кәсіпкерлік нысандарды жатақханаға өңдейтін жаңа механизм ойлап таптық», - дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Алпамыс Сатыбалдин.
Министірлік мәселені осылай шешпек. Жыл соңына дейін 10 мың студентті жатақханамен қамтамасыз етеміз деп те уәдені үйіп-төкті. Ал студенттерге жатақхана жетіспеуін 2004-2005 жылдардағы бала туу көрсеткішінің күрт өсуімін байланыстырды.