Сапасы нашар байланыс операторларына 133,9 млн теңге айыппұл салынды
250+ жобасы аясында 900-ден астам ауылға интернет жеткізілді
Соңғы үш жылда байланыс операторларының қызмет сапасына қатысты 578 тексеру жүргізіліп, 133,9 млн теңгеге айыппұл салынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның ішінде 2019 жылы 51 тексеріс жүргізіліп, 10,9 млн теңгеге, 2020 жылы 93 тексеріс жүргізіліп, 23,9 млн теңгеге, биыл 10 айда 434 тексеріс жүргізіліп, 99,1 млн теңгеге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, сапасыз қызмет көрсеткен операторларға салынатын айыппұл көлемі 10 есеге ұлғайтылыпты.
«Министрлік елдегі байланыс сапасын көтеру үшін қарқынды жұмыс жүргізіп жатқанын айтқым келеді. Соның ішінде шалғай ауылдар да бар. 250+ жобасы аясында (250-ден астам тұрғыны бар ауыл үшін) 900-ден астам ауылға интернет өткіздік. Қазір -250 жобасы қаралып жатыр. Базалық стансалардың қуатын ұлғайтып, технологияларды жаңартып жатырмыз. Елді мекендердегі интернет сапасының төменгі шегін белгіледік, 4G үшін 5Мб/с, 3G - 1 Мб/с жоғары болуы тиіс. Алайда проблемалар да баршылық, бұл жайлы министр өзі де ашық айтып жүр, сол мәселелерді шешуге күш салып жатырмыз. Біздің еліміз үлкен және әр аймақтың өз ерекшелігі бар: далалы, таулы, орманды, шөлді жерлер. Әр ауылға интернет желісін жеткізу оңай шаруа емес, тіпті кейбір ауылдарда жолдар мен тұрақты электр қуаты да жоқ», ˗ дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметкері Мақсат Төлегенов.