Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі Ұлыбританияда әйелін ұрып-соққаны үшін сотталған мұғалімді қызметке алған
Ол жұмысқа қабылданарда мектеп басшылығына сотталмағаны туралы құжат тапсырған
Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бірнеше жыл бұрын Ұлыбританияда әйелін ұрып-соққаны үшін сотталған және педагогикалық қызметтен шеттетілген шетелдік мұғалімнің жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Бұл туралы әлеуметтік желіде "Не молчи" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дина Таңсәрі жариялады.
Дина Таңсәрінің жазуынша, информатика пәнінің мұғалімі Ли Эшфорд Алматы Назарбаев зиярткерлік мектебіне 2021 жылдың қыркүйегінде ауысқан. Ал 2018 жылдың қазанынан 2021 жылдың тамызына дейін Талдықорғандағы Назарбаев мектебінде жұмыс істеген.
Жазбада дәлел ретінде Уэльс корольдік қылмыстық прокуратурасының жауабы қоса жарияланған.
"2017 жылдың мамырында ол Кардифф корольдік қылмыстық сотында сотталды және оқытушылық қызметпен айналысуына тыйым салынған. Қазақстанның Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағына сәйкес білім беру саласындағы ұйымдарда денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халықтың денсаулығына қарсы қылмыстық құқықбұзушылығы үшін сотталған адамдарға жұмыс істеуге жол берілмейді. Алайда ол осы заң нормаларын бұзып, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа қабылданған", - деп жазды Дина Таңсәрі.
Сонымен қатар, жазбада Эшфордтың бұрынғы әйелінің соттағы сөзі де келтірілген.
"Ол бір ашуланған кезде ішімдегі баламнан айырылдым. Бұл 2017 жылдың ақпанында болған жағдай. Баладан айырылғаннан бір күн өткен соң ол мені үйден қуа бастады. Содан бөлмеге кіріп, есігін жаптым. Ол есікті сындырып, мені бұрышқа тақады. Мені гитарамен ұрып-соқты, басымнан соққы жедім. Тек гитара бөлшектеліп қалғанда ғана ұруын қойды", - делінген әйелдің сөзінде.
Бұл мәселеге қатысты "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы түсініктеме берді. Білім беру мекемесі аталған азаматтың бірнеше жылдан бері информатика пәнінен сабақ беретінін растады.
"Ол Алматыдағы физика-математика бағыттағы зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Шетелдік мұғалім, Ұлыбритания азаматы. Информатика мұғалімі ретінде еңбек жолын 2018 жылдың 30 қазанынан бастап Талдықорған қаласындағы физика-математика Назарбаев Зияткерлік мектебінде, 2021 жылдың 23 тамызынан бастап Алматы қаласындағы физика-математика Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеп келеді", - делінген хабарламада.
Ресми хабарламада мектепке жұмысқа орналасу кезінде ол 2018 жылдың 30 қаңтарында сотталмағаны туралы құжат ұсынғаны, соның негізінде жұмысқа қабылданғаны айтылған.
"Назарбаев Зияткерлік мектебі жүйесінде жұмыс істеген үш жыл ішінде мұғалімге қатысты кәсіби біліктілік пен жеке қасиеттерге қатысты шағым жоқ. Шетелдік мұғалімді жалдау TeachAway (Канада) компаниясы арқылы өтті", - делінген хабарламада.