Жас аналар бала саулығына келгенде қандай қателіктер жібереді?
Елордалық педиатр Гүлнар Әбішева аналарға кеңесін айтты.
Бала дүниеге келгеннен оның физикалық және психикалық жетілуін, өз жасына сәйкес дамуын қадағалайтын, түрлі аурулардың алдын алатын маман – балалар дәрігері немесе педиатр. Баланың денсаулығын туғаннан қадағалап, ана мен бала саулығына кепіл болу – аталған маман иелерінің міндеті.
Елордалық педиатр Гүлнар Әбішева 17 жылдан бері балалардың үйлесімді дамуын бақылап келеді. Ол №1 қалалық емхананың балалар меңгерушісі, педиатр. Нәрестелермен тығыз байланыстағы білікті маман бала саулығы – ананың сауаттылығына байланысты екенін айтады.
Гүлнар Әбішева Azattyq Rýhy тілшісіне дәрігер-педиатр қызметінің маңыздылығы, ана мен бала саулығы, жас аналар жиі жіберетін қателіктер мен қауіпті балалар ауруы жайында айтып берді.
ЕМІЗУЛІ БАЛАСЫ БАР ӘЙЕЛГЕ АРНАЙЫ ДИЕТА ҰСТАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ
Дәрігер өз әңгімесін тәжірибесі жоқ жас аналар жиі қоятын сұрақтардан бастады.
«Жас аналар көбіне баланы емшек сүтімен тамақтандыру мәселесі, емшек сүті құнарлы болу үшін не істеу керек деген сұрақ бойынша жиі келеді. Емшек сүті – баланы көптеген аурудан қорғайтын табиғи қоректік зат. Сондықтан алғашқы күннен бастап-ақ нәрестені емізу керек. Ана сүті жеңіл қорытылады, онда балаға қажеттінің бәрі бар. Емшек сүтінің молдығы мен сапасы ананың белгілі режимді сақтауына және ішетін тамағына байланысты. Емізулі баласы бар әйелге арнайы диета ұстаудың қажеті жоқ. Әр түрлі және үйреншікті тағам — ана денсаулығын дұрыс сақтаудың және сүтінің мол болуының басты кепілі.
Жас аналардың бала саулығында жіберетін басты қателіктерінің бірі – баланы емшек сүтімен тамақтандырмау. Қазіргі аналардың көбі баласын ерте суалтып немесе мүлде емізбейтіндер болады. Бұл дұрыс емес. Жаңа туған ана дұрыс тамақтанып, таза ауада көбірек серуендеуі керек. Мұның бәрі кішкентай нәрестеге әсер етеді», - дейді дәрігер.
Жаңа туған нәресте сәл жылай бастаса дереу жедел жәрдем шақыратын ата-аналар бар. Гүлнар ханым мұның дұрыс емес екенін ескертіп, қандай жағдайда балаға жедел-жәрдем шақыру керегін айтты.
«Жедел жәрдемді бала емуден бас тартқан кезде, баланың дене қызуы 38 градустан жоғары болса, емгеннен кейін құса берсе және балада аяқасты қалтырау басталса шақырған жөн. Жаңа туған нәрестелер арасында жиі кездесетін ауруларға: іштің кебуі, денесінде бөртпелердің кездесуі жатады. Сондықтан бала денсаулығына келгенде ата-ана қырағы болуы керек. Өз басым, аналардың сауаттылығын дәрігер түсіндіргеннен кейінгі кері байланысқа қарай бағалаймын. Дәрігердің айтқан барлық кеңесін түсініп, соны дұрыс қолданса, ата-ананың сауаттылығы сол деп білемін», - дейді маман.
ДӘРІГЕР БАЛАНЫ ЕМДЕУДЕ ДӘСТҮРЛІ МЕДИЦИНАДАН АРТЫҒЫ ЖОҚ
Педиатр кішкентай баламен қатар оның ата-анасы, туыстарымен де тығыз байланыста болады. Сондықтан балалар дәрігері адаммен тез қарым-қатынас жасай алатын, ашық мінезді болуы шарт.
«Педиатрдың қабылдауына бала жалғыз келмейді. Ата-анасы, кейбір балалар әжесімен келеді. Сондықтан біз әрдайым жарқын жүзді, баламен тез тіл табыса алатын, тұрақты, салмақты, жан -жақты болуымыз керек. Келген әрбір ата-ана баласының денсаулығын бізге сеніп тасыра алуы керек», - дейді Гүлнар ханым.
Ол баласын халық емшілері мен сынықшыларға апарып, денсаулығына зиян келтіріп алатын ата-аналарға да тоқталды. Дәрігер баланы емдеуде дәстүрлі медицинадан артығы жоқ дейді.
«Өзім дәлелденбеген емнің қай түріне де қарсымын. Қандай сұрақ болмасын, дәрігер мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс. Әсіресе, бала денсаулығына келгенде бұл өте маңызды. Артық қыламын деп тыртық қылып алуыңыз әбден мүмкін.
Қазіргі пандемия уақытында баланың денсаулығына екі есе көп көңіл бөлу керек. Балалар арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін көпшілік жерге баруды азайту, жиі қолды жуу, бетперде киіп, ара-қашықтық сақтау сияқты қарапайым ережелерді қатаң ұсану керек», - дейді педиатр.
Баланың саулығы ананың денсаулығына тікелей байланысты. Маман жас аналарды жүктілік уақытынан бастап мұқият болуға шақырды.
«Қазір нәрестелердің көбі бас сүйек қысымы, аутизммен туылып жатады. Бұл анасының денсаулығына тікелей байланысты. Жүктілік кезінде жақсы көңіл күйде болмау, ананың күйзелісте болуы, жедел вирусты инфекциялармен ауыруы – осындай жағдайға алып келеді. Оның үсіне, адам ағзасына дәруменнің белгілі мөлшерде жетіспеуі де жедел вирусты инфекциямен көп ауырған жағдайда байқалады», - дейді ол.
Дәрігер балалар арасындағы қауіпті аурулар мен оның алдын-алу жолдарына тоқталды.
«Балалар арасында менингит, кавасаки аурулары жиі байқалады. Оның белгілері: дене қызуының 39-40 градустан жоғары болуы 7 кунге дейін созылса, денесінде бөрітпелердің болуы, табанның ісінуі, көзбің қызаруы, лимфа түйіндерінің үлкейуінен байқалады. Менингит инфекциясы кез-келген адамға жұға береді. Алайда, нәрестелерде, балалар мен жастарда көп болады. Менингит адамдар көп шоғырланған жерде тез тарайды. Инфекция ауа тамшыларымен беріледі.
Ана мен бала саулығы үшін ата-аналарға айтар басты кеңесім: таза ауаға жиі шығып, дұрыс тамақтаныңыз. Жас аналар нәрестелерін тек емшек сүтімен емізуі керек. Ана боламын деп жоспарлаған уақыттан бастап өз денсаулығыңызға көңіл бөліңіз. Сау баланы дүниеге әкелу әр ананың өзіне байланысты», - дейді Гүлнар Әбішева.
Айта кетейік, пандемия уақытында елімізде ана мен бала өлімі азайған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният төрағалығымен өткен нәресте өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтылған болатын. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада оң динамика байқалып, нәресте өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға төмендеген.
Сондай-ақ, балалар өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 16,8%-ға төмендеді және тірі туған 1000 балаға шаққанда 2019 жылғы 10,7-ге қарағанда 8,9-ды құрады.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан