$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.10.2021, 16:17
Қоғам

Түркияда жоғалып кеткен қазақстандық жігіт аман-есен анасымен қауышты

Жоғалған азамат Қожаелі провинциясы полиция бөлімдерінің бірінде отырған

Түркияда жоғалып кеткен қазақстандық жігіт аман-есен анасымен қауышты
Фото ашық дереккөзден

Түркиядан елге қайтуы тиіс Әділет Кеңесхан есімді жігіт белгісіз себеппен рейсін өткізіп алып, содан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде араға бірнеше күн салып қазақстандық азамат табылды. Бұл туралы Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулдығы хабарлады.

Консулдықтың хабарлауынша, анасының баласын іздестіру туралы өтініш білдіруіне байланысты шұғыл түрде Түркия Сыртқы істер министрлігіне іздеу салу туралы нота жолданған.

 «2021 жылғы 25 қазанда Қазақстанға қайтуы тиіс болған Әділет Кеңесхан атты ҚР азаматы белгісіз себептермен рейсін өткізіп алған. Ата-анасымен байланысқа шыққанда өзінің қайда жүргенін айта алмай, сөйлеу мәнерінде өзгерістер болған. Соңғы рет жақындарымен 28 қазанда хабарласып, содан бері байланыс үзіліп қалған. Сол күні Қазақстанның Ыстанбұлдағы бас консулдығына аталған азаматты танитын кісілер хабарласқаннан кейін, Ә. Кеңесханның туыстарымен дереу байланыс орнатылды. Анасының баласын іздестіру туралы өтініш білдіруіне байланысты шұғыл түрде Түркия Сыртқы істер министрлігіне іздеу салу туралы нота жолданды», - деп хабарлайды консулдықтан.

 Сондай-ақ, Түркияның құқық қорғау органдарына азаматқа іздеу салу туралы өтініш берілген.

«Одан бөлек, белсенді азаматтардың бастауымен әлеуметтік желілерде іздестіру науқаны жүргізілді. Нәтижесінде 30 қазанда азаматтың Қожаелі провинциясы полиция бөлімдерінің бірінде отырғаны анықталды. Қазақстаннан келген анасы 30 қазанда Ә. Кеңесханды сол жерден алып, бүгінде елге оралуға дайындалып жатыр», - делінген ресми хабарламада.

Осы орайда, Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулдығы соңғы уақытта азаматтарымыздың түрлі келеңсіз жағдайларға жиі тап болып жүргенін айтып,  қазақстандықтардың шетелде жүргенде сақ болуын өтінді.


 

 

Серіктес жаңалықтары