«Ток-шоуға енем туралы айтуға барғам»: түркістандық депутаттың әйелі күйеуінен кешірім сұрады
Жуырда БАҚ беттерінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жансерік Мұсаханұлына қатысты даулы ақпарат шыққан болатын
Түркістандық депутат Жансерік Мұсаханұлының әйелі Іңкәр Сүлейменова елімізге танымал ток-шоулардың бірінде қонақ болып, дінді қатты ұстанатын күйеуінің «хиджабының жеңін түріп, түн ішінде су төккені үшін үйден қуып шыққанын» мәлім еткен. Ток-шоуда «қызбалыққа салынып кеттім» деген Іңкәр енді күйеуінен кешірім сұрады, деп хабарлайды, Azattyq Ruhy тілшісі.
Іңкәрдің айтуынша, ол телеарна эфиріне шығу арқылы дұрыс жол табамын деп ойлаған. Алайда, кейін 18 жыл отасқан жарына кір келтіргенін түсініп, бұл жағдай үшін өкінген.
«Мен қатты кеттім. Осы дұрыс жол, отбасымнан бөлек кеткенім дұрыс деп ойлаппын. Осы арқылы отбасыммен бөлек тұрамын деп ойладым. Өйткені, мен енеммен сөзге келіспей қалдым. Менің әу бастағы мақсатым – енемнен бөлек кету еді. Бірақ бұл қате екен. Мен бағдарламаға енемді айтамын деп барғанмын. Бірақ күйеуіме жала жауап кеттім. Артық кеткенімді білдім. Кейін өзім күйеуімнен кешірім сұрап, «сені қалайда ақтап аламын» дедім. 18 жыл отастым, жанұя болған соң, мұндай жағдайлар әрбір отбасыда кездесіп тұрады», - деді келіншек.
Іңкәр ел алдына шығып, отбасындағы жеке мәселесін талқылағаным «дұрыс болмады» деп отыр.
«Халықты адастырғаным үшін әрбір отбасыдан кешірім сұраймын. Менің бұл айтқандарым күйеуіме кедергі болмаса екен. Қатты қызбалыққа салынудың қажеті жоқ еді, менің ол әрекетім дұрыс болмады. Мұны мен өз еркіммен айтып отырмын. Қазір бізде бәрі жақсы. Күйеуімнен кешірім сұрадым», - деп ағынан жарылды Іңкәр.