PISA: Пандемия сауатсыз оқушыларды көбейте ме?
Былтыр қазақстандық оқушылар түгел қашықтан білім алды
Білім саласының мамандары өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын ұзақ жылдардан бері көтеріп келеді. Пандемия мен карантиндік режим білім саласында қордаланған осы тектес мәселелерді ушықтыра түсті. Ең алдымен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы сыр берді: 2019 жылғы ресми статистикалық жинақта «Қазақстан мектептері 98%-ке интернетпен қамтылған» еді. Бірақ іс жүзінде орта білім беру ордалары дәстүрлі оқу форматынан онлайн оқуға ауысқанда, еліміздегі теле-коммуникациялық жүйелердің нақты ахуалы белгілі болды. Ата-аналар баласының болашағына алаңдайды. Ал, сарапшылар оқушылардың білім жетістіктерін бағалайтын халықаралық PISA бағдарламасында Қазақстанның соңғы көрсеткіштері төмен болу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Біреу бастаған реформаны екіншісі неге жалғастырмайды?
Осы күнге дейін елімізде білім саласын дамытуға қатысты алты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар оңтайландырып, 10 ұлттық жоба бекітілді. Оның ішінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасының аз уақытта тым ауқымды мақсаттарды қамтығаны сала мамандарын ойландырады.
Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанұлы:
- Әрине, «Білімді ұлт» жобасында еліміздегі үш ауысымды мектептерден арылу, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу бастамасы ұнады. Қысқа уақыт ішінде соншама мектеп салып, сыйымдылық жағын ойластырғаны, яғни, үлкен мектептер салып жатқаны да қуантарлық. Дегенмен, бұл тым үлкен сан. Шыны керек, әлем елдері бір ауысымды мектептерден де асып озып, дамып жатқан кезде біздің үш ауысымды мектептерді екі ауысымды мектептерге айналдыра алмай жатқанымыз өкінішті - дейді.
Аятжан Ахметжанұлы
Ал мұндай ауқымды, қыруар қаражатты талап ететін жобалар кейбір мемлекеттік бағдарламалар сияқты аяқсыз қалмай ма деген мәселеге Аятжан Ахметжанұлы:
- Мемлекеттің негізгі күші – білімде, бірақ сол жобаларды орындау жағына келсек, өкінішке қарай, елімізде міндеттемелерді орындау тетіктері, төменгі орындау органдарының салғырттығы, биліктегі ауыс-түйістен кейін бір адам бастаған жобаны екіншісінің жалғастырмауы сияқты өзекті мәселелер бар. Мұны мемлекеттік машинадан көреміз, негізінен облыстық әкімдік, білім басқармалары шешетін шаралар ғой. Сондықтан бұлардың да жауапкершілігін арттыру керек, - дейді.
Халықаралық білім рейтингтерінде орнымыз қандай?
Әр үш жыл сайын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы шеңберінде 15 жастағы оқушылар арасында өткізіліп, функционалды сауаттылықты анықтайтын беделді халықаралық зерттеуге Қазақстан төрт рет қатысып үлгерген. Егер PISA-2009 көрсеткіштері бойынша, жалпы қорытындыда 69 мемлекеттің ішінде отандық жасөспірімдер 59-орынды иемденсе, PISA-2012 оқушыларымыз үшін сәтті аяқталып, Қазақстан 65 елдің ішінде 45-орынға тұрақтады. Қатысушылардың басым бөлігі қазақ мектептерінің оқушылары болды. 2015 жылғы нәтижелер тым жоғары әрі күмәнді болғаннан кейін оны есепке алмады. Өкінішке қарай, PISA-2018 еліміз үшін сәтсіз өтіп, 79 мемлекеттің ішінде 69-орынға тұрақтадық.
Ресейлік сарапшылардың пайымынша, PISA зерттеулері егер оқушының анасы жоғары білімсіз болса, онда баланың оқу сауаттылығы бойынша балы төмендеп, жаңа заманға бейімделуі қиындап, функционалды сауатсыздар қатарын көбейтетінін көрсетіп отыр. Заманауи үрдістерге бейімделу үшін балада оқу, математикалық және ғылыми жаратылыстану бағытындағы сауаттылықтың, тым болмаса біреуі жоғары деңгейде болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде ата-аналардың экономикалық-әлеуметтік жағдайынан бөлек, ананың білім деңгейі сараланғанда, функционалды сауатсыз балалар қатары еселеп өскен.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің Ақпараттық-сараптамалық орталығының қала және ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты азайтуға қатысты зерттеуі жарияланған. Аталған зерттеуде қазіргі таңда ауылдардағы мектептерде жоғары категорияны иемденген мұғалімдер үлесі – 8%. Осындай жағдайда PISA халықаралық тестінен жоспарланған көрсеткішке қол жеткізу қиын болары сөзсіз.
Бұл орайда Nur Otan партиясы жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова:
- 2022 жылы PISA бойынша, ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын мейлінше азайтып, математикалық сауаттылық, тілдік сауаттылық және ғылыми жаратылыстану пәндерінен білім деңгейінің орташа балдары көрсетіліп отыр. Бұдан бөлек аймақтар аралығындағы орташа балл бар. Оның ішінде аймақтар арасында PISA-2022 бойынша, математикалық сауаттылық – 62 балл, оқу сауаттылығы – 68 балл, ғылыми жаратылыстану бағытындағы білім – 59 балл деп көрсетілген. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтудың динамикасы ретіндегі көрсеткіш келесі жылы математикадан – 18 балл, оқу сауаттылығынан – 22 балл, ғылыми жаратылыстану бағытында – 15 балл.
ЭЫДҰ ұйымының PISA-ға қатысты зерттеулеріне қарасақ, соңғы бір жарым жылдағы қашықтағы білімнің кесірінен көптеген елдер алдағы уақытта білім көрсеткіштерінің әлдеқайда төмен болатынын жасырмай отыр. Сондықтан алдағы PISA-дағы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуде тәуекелдер бар, - дейді.
Жұлдыз Сүлейменова
Маманның айтуынша, PISA бойынша Жапония, Финляндияның үздіктер қатарынан көрінуінің себебі – жалпы білім берудің қолайлы ортасы деген концепциядан. Бұл тек берілетін сабақ мазмұны және білім сапасынан бөлек, мектептердің материалды-техникалық жабдықталуы және математика-жаратылыстану зертханаларынан бастап оқу процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз ететін қолайлы білім беру ортасы. Сондықтан әсіресе ауыл мектептеріне арнайы типтік оқу жоспарын икемді ету, PISA, ҰБТ-ға дайындау, сонымен қатар робототехника, SТЕМ пәндік кабинеттердің негізінде балаларға қосымша білім беруді енгізу қажет деп есептейді. 2025 жылға қарай толыққанды қосымша білім берумен қамтамасыз етуден бөлек, ауыл мектептерінде жасанды интеллект, био, нано, квант технологияларды енгізіп, мұның сапалы жүзеге асу механизмінде жергілікті атқарушы билік органдарының жауапкершілігін арттыру қажет дейді.
Ішкі миграция реттелмесе не болады?
Білім саласының маманы Аятжан Ахметжанұлы ішкі миграцияны реттеу тетіктерін қарастыру қажет деп ойлайды. Өз кезегінде ол:
- Осы күнге дейін ауылдар жабылып жатыр деген сөзді жиі есітіп келдік. Егер ішкі миграция реттелмесе, 5 жылдан кейін қалалар жабылып жатыр дегенді естиміз. Моноқалалардың біразы жабылудың алдында тұр, жағдай қиын. Ішкі миграцияны реттемесек, астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі мегаполистерге халық ағылып, үш ауысымды мектептер мәселесін шеше алмаймыз. Егер біз заманауи мектептерді тек мегаполистерден ашсақ, оның жарнамасына халық жер-жерден келе бастайды. Сондықтан облыс орталықтарындағы қалалар, сонымен қатар, Жезқазған, Арқалық, Семей, Екібастұзда тұратын балалардың жағдайын жасап, ауқымды, сапалы мектептер салу мәселесін қарастыру керек, - дейді.
Бұл мәселенің қарастырылып жатқанын депутат Жұлдыз Сүлейменова растайды:
- Мегаполистер мәселесі орынды көтеріліп отыр. Жалпы, мектеп құрылысына байланысты, оның ішінде үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешуге байланысты Үкіметтегі бірінші вице- премьер Әлихан Смайыловқа бағытталған депутаттық сауалдар жолдадық. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, БҒМ-мен бірлесе отырып, балалардың дүниеге келуін зерделеумен қатар, жалпы ішкі миграцияны сараптамалық талдау негізінде мектептер салу қажеттігі туындап тұр. Оған арнайы ведомствааралық жауапкершілікті айқындайтын кешенді жоспар қажеттігін алға тартудамыз. Біршама жауаптар келсе де, бұл мәселені күн тәртібінен алмаймыз, - дейді.
Соңғы уақытта елімізде жекеменшік мектептер де көбейіп жатыр. Олар мегаполистерге мектеп тапшылығын шеше ала ма әрі қарапайым азаматтар үшін қаншалықты қолжетімді? Баға саясатына келсек, жеке мектептердің бір жылдық құны бірнеше миллионнан бастап, халықаралық мектептерде, тіпті, 9-10 млн теңгеге дейін жетеді. Алматыда 60-тан астам, Нұр-Сұлтанда 20-дан астам жекеменшік мектеп бар. Бірақ бәсекелестік бағаның түсуіне еш әсер етпейді. Аятжан Ахметжанұлы жекеменшік мектептерді мемлекеттік бақылауда ұстау қажет дейді:
- Президенттің тікелей тапсырмасымен кәсіпкерлікті тікелей тексеруге мораторий жарияланған. Өз басым бұл шарт білім саласындағы кәсіпкерлікке жүрмеуі керек деп ойлаймын. Себебі білім саласы аса маңызды идеологиялық сала. Шыны керек, қазір жекеменшік мектептер білім департаментіне де, Білім сапасын қамтамасыз ету мекемесіне де тікелей бағынбайды. Сондықтан қатаң норма керек деп ойлаймыз. Тіпті, әртүрлі идеологиялық бағыттағы мектептердің ашылып жатқаны ешкімге жасырын емес. Қазақстанда жарғысын «діни мектеп» деп көрсетіп, ешкім де орта білім ошағын аша алмайды. Мемлекеттік стандартпен лицензия алынады, ал ол жерде жұмыс барысы қалай өтіп жатыр дегенге ешкім ашық жауап бере алмайды, - дейді.
Маманның ойынша, астанадағыдай сыйымдылығы 80-150 адамдық жекеменшік мектептер ешқандай мәселені шешпейді. Сондықтан лицензия берерде мегаполистерде бала саны 500-ден асатын жеке мектептерге басымдық беру қажет деп есептейді. Жұлдыз Сүлейменова бұл бағытта шетелдік тәжірибені алға тартады:
- Түркияда мектептердің жартысына жуығы жекеменшік. Бірақ олардың идеологиясы соңғы жылдары мемлекет тарапынан қатаң қадағаланады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын орындау, азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеу сияқты нақты бағыттары бар. Ал Британия, Сингапурда жекеменшік мектептер білім сапасын арттырудың нақты бір факторы екенін атап өтуіміз қажет. Жекеменшік мектептер басшылығы білім сапасының өте жоғары болғанын қалайды. Білікті мұғалімдерді тартуға тырысады. Сәйкесінше оқушылардың индивидуалды білім траекториясын қалыптастыруға талпынады. Бұл әлемдік фактор. Біз сол деңгейге жетуіміз керек, - дейді. Алдағы уақытта жекеменшік мектептердің білім сапасы, мемлекеттік білім стандартының орындалу деңгейі, адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, тәрбиелеуге байланысты ұсыныстар орталық мемлекеттік органға жіберілуі керек.