«Бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі олқылық»: Пенжім оқиғасына қатысты жиын өтті
Жергілікті билік жағдайды ушықтырмауды сұрады

Панфилов ауданы Пенжім ауылындағы оқушылардың төбелесіне ересектер де араласпақ болған. Бүгін кенттің мәдениет үйінде мәселе облыстық деңгейде көтерілді. Жанжал 9, 10, 11-сынып оқушыларының арасында болған. Полицияның ресми мәліметінше, жаппай төбелеске 30-ға жуық оқушы қатысқан. Атыс кезінде екі адам зардап шекті.
Бас дәрігердің медициналық көмек сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Ержан Қожахметовтың айтуынша, 2005 жылы туған жасөспірім ашық бас сүйек-ми жарақатымен түскен, қазір жағдайы тұрақты. Екінші науқас ашық бас сүйек-ми жарақатымен орташа ауырлықта ауруханаға түскен.
«Науқас толық тексерілді, көрсеткіштері бойынша жедел емдеу ұсынылды. Науқасқа ота жасалды, қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінде ем алуда, қазір толық есін жиды», - деп атап өтті дәрігер.
Кездесу барысында жиынға қатысушылар жастардың бұзақылығын талқылады.
Жергілікті биліктің айтуынша, мектеп оқушыларының қақтығысы өршіп, жергілікті тұрғындарға зиян келтірген.
«Мен мұнда түні бойы болдым. Жастардың жауапсыз әрекетін көрдім. Олар мектеп жанжалын өршітіп, жергілікті тұрғындарға зиян келтірді. Мен ақсақалдарды, жергілікті тұрғындарды, балаларды бір-бірін құрметтеуге үйретуге шақырғым келеді. Сіздер өмір бойы осы жерде тұрасыздар. Бір-біріңізіге дос, көрші, бауыр, әріптессіздер. Сіздер қуаныш пен қайғы-қасіретті бірге бөлісесіз. Осы құндылықтың барлығын балаларыңызға жеткізуіңіз керек», - деді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.
«Жастар – елдің болашағы. Біз олардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Мұндай жағдай арқылы бүкіл елдің көңілінде бізге қатысты теріс пікір туындайды. Дегенмен, айтқым келгені, бұл ұлтаралық қақтығыс емес. Осындай жағдайдың болуы өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі олқылықтың көрінісі деп білемін. Оқиғаны ушықтырудың қажеті жоқ. Кей адамдар осы жайтты теріс мағынада қолданады. Олар кешегі кездейсоқ өрт сол оқиғаның нәтижесі сияқты көрсетуге тырысты. Бірақ бұл олай емес және сіздер бәрін білесіздер. Бір-бірімізді құрметтейік. Біздің еліміз де, жеріміз де бір», - деді Пенжім ауылының тұрғыны Аутжан Хамраев.
Аудан әкімнің пікірінше, жаппай төбелесті ұлтаралық қақтығыс деп атауға келмейді. Жиын барысында әкім «Шаңыраққа қарап жүру» керектігін де елге ескертті.