Семей тазалығына жауапты мекеме жұмысшылары бас көтерді

Олар басшылықтан жалақы көтеруді талап етіп отыр

Фото ашық дереккөзден

КТК арнасының хабарлауынша, азық-түліктің қымбаттап кеткенін алға тартқан коммуналдық қызметкерлер: «Айлығымыз ішіп-жемге де жетпейді» дейді.

Өйткені аула сыпырып қоқыс тазалайтындар ай сайын небәрі 70 мың теңге алады.  Талабы орындалмаса, жұмысқа шығудан жаппай бас тартпақшы.  

Наразы 50-ден астам қызметкер ұлардай шулады. Олар басшылақтан маңдай тер ақысын екі есеге көтеруді талап етуде. Шаһар тазалығына жауапты жұмысшылардың айтуынша,  70 мың теңге жалақы бірнеше жылдан бері көбеймеген. «Есесіне азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр» дейді жиналғандар.

«Күннің ыстығы мен ызғарына да қарамай тынымсыз еңбек етеміз» дегендер талаптары орындалмаса, жаппай жұмысқа шығудан бас тартпақ. Ал тазалық мекемесінің басшысы жалақы дауының туындауына көрсетілетін қызмет құнының төмен болуынан  дейді. Яғни коммуналдық тариф 2015 жылдан бері өзгермеген. Соның салдарынан қызметкерлердің еңбекақысы да ұлғаймапты. 

«Елімізде ең арзан тариф – бізде. Бар болғаны адам басына 190 теңге. Қазір, расында, барлығы қымбаттап жатыр.  Жанармайдың құны көтерілді. Енді мен не істеймін? Автокөліктерге жанармай құямын ба? Әлде жалақыны көтеремін бе? Ал жұмысшыларды түсінемін, жұмысы ауыр. Тығырықтан шығу үшін тариф құнын өсіру керек», – дейді «Семей тазалық» ЖШС директоры Бекжан Қапышев.

Жұмысшылардың мардымсыз жалақысы мен тарифтың талай жылдан бері өспегенін атқамінерлер де растады. Сондықтан олар тығырықтан шығатын жолды «алдағы уақытта табамыз» деп сендірді.
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.