Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 200-ге жуық адам жалақысын ала алмай жүр
«Alma Green Fields» компаниясы жұмысшыларға төрт айдың еңбекақысын бермеген
Шарасы қалмай шырылдаған жұмысшылар бүгін кезекті рет жалақы талап етуге жиналды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды. Ауданның атқамінерлері де осында жеткенмен, «жағдайды бақылауда ұстаймыздан» әрі аса алмай отыр. Қуықтай бөлмені іштен кілттеп отырған фирма директоры лажсыз есігін ашты. Сырттан ентелеп кіргендер ашуға булыққан. Олай болмағанда ше? Төрт айдан бері «әне түседі, міне түседі» деген уәдемен айлығын алмағандар, ең болмаса жейтін азығымызды берсін деп ашуланады.
Жұмысшылардың айтуынша, «Alma Green Fields» компаниясы орташа есеппен әр жұмысшыға 400 мың теңгеден берешек. Таусүгір ауылына олар қоңсылас елдімекендерден қатынап істеген. «Енді еткен еңбек еш кетпей ме?» деп кіжінгендер жауапсыздықтың салдары қарызға батырып әуре-сарсаңға салғанын айтады.