Теміртаудағы әскери бөлімде қаза болған сарбаздың туыстары ресми орындардың жауабына сенбейді

Автор: Azattyq Rýhy

Сондықтан олар осы жағдайға жол берген барлық шенділерді де жазалауды сұрайды

Фото ашық дереккөзден

Бұл отбасына қаралы хабар кеше түн ортасында жеткен, деп хабарлайды Астана арнасы. Қапияда ұлынан айрылған ана баласының өліміне әскердегі бассыздық пен салғырттық себеп болғанына сенімді. Айтуынша, Теміртаудағы 5516 әскери бөлімшесінде талай былық бар. Тіпті соңғы рет баласымен сөйлескенде ол рота командирінің ақша жинайтынын білген.

  20 жастағы Сержан Оңғар өткен түні 1 жарым сағат шамасында Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде қарауылда тұрған. Сол мезетте мерт болған. Алдын ала жасалған ресми болжам бойынша өзіне өзі оқ атқан.  

Сержан Оңғар отбасындағы алты баланың екіншісі. Түркістан облысындағы  Мақтарал ауданы Мақтажан ауылынан 10 ай бұрын әскерге аттанған. Алматыда медицина колледжінде фельдшер мамандығының 3- інші курсында оқып жүргенде, әскерге шақырту алыпты. Өз еркімен борышын өтеуге бел буған. Әскери бөлімде үздік жауынгерлер қатарынан да көрінген.

Сарбаз қазасынан 2 сағат бұрын ғана туыстарымен телефон арқылы тілдескен. Дауысы жайдары болды дейді. Аяқ астынан өзін атып салуы мүмкін емес деп отыр туыстары.  

Қазір әскери бөлімшеде қызметтік тексеріс тағайындалды. Қазаға себеп болған командир ме, жоқ па, оны тергеу орындары анықтамақ.