Childfree: Қазақстанда қанша азамат бала сүйгісі келмейді?

Автор: Кәмшат Тасболат

Адамзаттың көбеймеуіне кімдер мүдделі?

Фото ашық дереккөзден

АҚШ-та 1970 жылдардан бастап енгізіле бастаған термин – childfree (чайлдфри) сөзінің қазақ тілінде баламасы жоқ. Бұл өзіндік субмәдениет, идеология. Бір сөзбен айтқанда, бұл саналы түрде балалы болудан бас тарту, еркін өмір сүру. Соңғы жылдары бұл қозғалыс жайлы тек орыстілді интернет сегментінде ғана емес, қазақтілді медиада, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде айтылып жүр. Ең қызығы, әсіресе дамыған, алдыңғы қатарлы елдерде тұратын, әлемді саяхаттаған, оқып-тоқыған азаматтар арасында мұндай ұстаным белең алып, тіпті биылғы Мичиган университетінің зерттеулері бойынша, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 27% балалы болғысы келмейтінін айтса, көршілес Ресейдегі сарапшылар бұл көрсеткіштің 9%-ке жеткеніне алаңдап отыр. Қазақстанда мұндай арнайы зерттеулер жүргізілмейді. Бірақ мамандар 1-2%-тің көлемінде болуы мүмкін дейді.

Чайлдхейт пе, чайлдфри ме?

Шыны керек, бұл тақырыпқа кіріскенде, бұл – еліміз үшін, тіпті, посткеңестік елдер үшін сондай алыс, таңсық нәрсе сияқты көрінді. Бірақ зерттей келе, күн сайын өзгеріп жатқан қоғамда мұндай азаматтардың бар екенін әрі олар өздерімен санасуды талап ететінін байқадым.  Әлеуметтік желілерде бұл субмәдениет өкілдерінің басын біріктірген топтар мен парақшалар баршылық. Тіпті, чайлдфри тесттерден бастап, бір-бірімен танысатын платформалар да бар. Байқауымша, көбі жабық топтар, бірақ арасында ашықтары да кездеседі. Топтың профилінде «Біз чайлдфри қозғалысымыз, өтініш, чайлдхейт (сhildhate) өкілдерімен бізді шатастырмаңыздар» делінген. Олардың айтуынша, чайлдхейт идеологиясына берілгендер баланы қабылдамайды, тіпті, жек көреді, ал чайлдфри өкілдері балалы болудан бас тартады. Себебі, ең алдымен, өздеріне қосымша жауапкершілік алғысы келмейді. Екіншіден, «адамзат менің тұқымымсыз да жойылмайды» деп ойлайды. Үшіншіден, өздерінің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, еркін саяхаттап, өмірдің бар қызығын көргісі келеді. Ең қызығы, чайлдхейт пен чайлдфридің арасы да алыс емес сияқты. Парақшаларда балалардың еркелігі, тентектігі қылмыс сияқты қабылданып, «бұдан кейін кім балалы болғысы келеді?» дегендей сауалдар қойылады. Балаларға қатысты «балаңқұрт» сөзі жиі қолданылады. Әрине, өздерін либералды көзқарастағы азаматтар санайтын топ отбасылы, балалы-шағалы азаматтарды тым ескі, консервативті көзқарастағы адамдарға балайды.   

Жанна есімді желі қолданушысы «Бүкіл ТМД аумағындағы мәселелер ортақ – бала асырау қиын. Жұмыс беруші бұл қиындықты ескермейді, себебі өзі де адамға қарсы қалыптасқан жүйеде ресурстар үшін күресіп жатыр. Бұл арада әйел не істемек? Ол бала туудан бас тартып, «чайлдфри» атағын көтеріп жүре алады. Бірақ оның жеке өміріне апалар мен туыстардың бәрі араласады. Екінші жолы – әйелдің ер азаматпен отбасын құрып, өзінің бала туу қызметін атқаруы. Біздегі ер азаматтардың басым бөлігі патриархалды. Әдетте екі ата-ана да үйде отырмайды, жұмыс істейді, бірақ кеште әйел отбасына қызмет етіп, бәрінің жағдайын жасауға мәжбүр» - дейді. Чайлдфри өкілдерінің жазбаларына қарасақ, айтарлықтай бөлігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Көбі «балаға тойдық» дейді. Енді бір бөлігі баланы карьера жасауға кедергі деп санайды екен.

Себепті балалық шақтан іздеу керек пе?

Психолог Айна Күмісбек елімізде бала сүйгісі келмейтін азаматтар саны есепке аларлықтай көп емес деп санайды. Интернет дамыған заманда азаматтардың әртүрлі ақпаратты қабылдап жатқанын жеткізеді.

– Психолог ретінде айтсақ, бұл мәселе бала кезіндегі отбасындағы, айналасындағы жағдайға байланысты туындайды. Бұл жылулық жетіспеушілігінен немесе ауыр қайғыдан, аса сезімталдықтан болуы мүмкін. Арнайы зерттеусіз пікір айту қиын. Әрине, олар көбіне өзімшіл адамдар. Бірақ түбінде жатқан себеп әртүрлі. Адам «анандай ұстанымдамын, мынандай ұстанымдамын» дегенімен, оның түбінде жатқан себеп мүлдем басқа болады. Сондықтан олар мұның себебін ашық айтпайды, тіпті, оның себебін білмеуі де мүмкін. Бұл арада елдегі жағдайды білу үшін арнайы анкета толтырғызып, зерттеулер жүргізу керек, - дейді. Себебі мұндай көзқарастағы азаматтар қатарында тек жастар ғана емес, орта буын өкілдері де бар екен. Егер орта буын өкілдеріне көбіне бала күніндегі белгілі бір жағдай әсер етсе, жастарда көбіне еліктеушілік бар дейді маман. Негізінен мұндай ұстанымдағы азаматтардың жасы – 20-45, яғни, репродуктивті жастағы адамдар.

Чайлдфри қозғалысының идеологиясын да, мәнін де акушер-гинекологтар түсінбейді. Мамандардың айтуынша, әйелдің мақсаты – репродуктивті қызметті атқару, оның организмі сол үшін жаралған. Әйел босанғаннан кейін оның организмі жаңарады. 9 ай бала күту, тіпті, емізудің өзі көптеген дерттің, оның ішінде онкологиялық аурулардың алдын алады. Сондықтан медициналық тұрғыдан ешқандай да теріс көрсеткіш болмаса, балалы болудан бас тарту дұрыс емес.

Ирина есімді алматылық желі қолданушысы өзін «уақытша чайлдфриге» жатқызады. Тұрмыс құрып, балалы болғанға дейін осы қозғалыстың өкілі болған. Оның айтуынша, қоғамда чайлдфри өкілдерін жақсы қабылдамайды, жеке өміріне көп араласады. «Жақында танысым чайлдфри екенін айтып, пост жазған еді. Ол бейшараға не жазбады деңіз? Эгоист екенін де бетіне басқан, қандай бақыттан бас тартып жатқанын түсінбейтінін де айтқан. Бірақ оның шынын жасырмай айтқанына алғыс айту керек қой, ал бала тауып, бақытсыз боп жүргендер қаншама?» дейді.

Жалпы, желідегі чайлдфри топтары мен парақшаларын соншалықты белсенді деп айтуға болмас. Админдері де тұрақтамайтын сияқты.

Адамзаттың көбеймеуіне кімдер мүдделі?

Чайлдфри идеологиясы АҚШ пен Еуропа елдерінде соңғы 40-50 жылда өз «жемісін» берді деуге бола ма? Егер өткен ғасырдың 70-ші жылдары америкалық отбасылы (некесіз балалы азаматтар саналмаған) азаматтардың 40%-і балалы болса, 2012 жылдан кейін 20%-ке дейін күрт түскен. ВВС мәліметінше, АҚШ Еңбек Статистикасы бюросының зерттеулері ел азаматтарының үй жануарларына көбірек ақша жұмсай бастағанын анықтаған.

Жалпы, қоғам дамыған сайын бала туу көрсеткішінің төмендейтіні белгілі. Қазір бұл үрдіс дамыған Еуропа, тіпті, Азия елдерінде де байқалып жатыр. Мұның себеп-салдарын Америка мен Еуропада ғалымдары зерттеу нысанына алған. Ғалымдардың пайымынша, әдетте чайлдфри қатарына отбасылық құндылықтар жайлы ой-көзқарасы әлі бекімеген жастар жиі қосылып жатады. Оларға «баласыз өмірдің қызықтары» жайлы әдемі әңгімелер қатты әсер етеді. Бұл қозғалыстың әлемге кеңінен таралуына интернет өз үлесін қосуда. Отандық мамандар бұл қозғалыстың идеологиясын жан-жақты зерттеп, оның әлеуметтік, экономикалық, психологиялық себеп-салдарын білумен қатар, жас ұрпаққа ықпалын анықтау қажет деп есептейді.