$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2021, 20:49
Қоғам

Өскеменде ота үстінде шақалағымен бірге қайтыс болған әйелдің туыстары шу шығарды

Қара жамылған отбасы 37 жастағы Айжан Мержақыпованың аяқ аясты өліп қалғанының себебін білмей дал

Өскеменде ота үстінде шақалағымен бірге қайтыс болған әйелдің туыстары шу шығарды
Фото ашық дереккөзден

Айтуларынша, дәрігерлер келіншектің жақындарына оны айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі ана мен бала орталығына  жатқызылған. Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. «Жүктілігі де қалыпты өтті», - дейді күйеуі. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.

Айжан жүктіліктің 41-ші аптасында болған. Ол босанар кезде «жанымда бол» деп сіңілісін шақыртыпты. Ол әпкесінің толғақ қысқанда қатты қиналғанын айтады. Тіпті кесір тілігімен босандырсыншы деп дәрігерлерге өтінген. «Егер дәрігерлер дер кезінде кесір тілігімен босандырғанда аман қалар еді»  дейді жақындары.

Сөздерінше, қиналған мезетте келіншектің қан қысымы жоғарылап кеткен. Ақыры ана мен бала ота жасап жатқанда көз жұмды. Қара жамылған отбасы олардың ажал құшқанына нақты не себеп болғанын білмей дал. Олар марқұмды жер қойнына тапсырғанымен, мәйітке жасалған сараптама қағазын ала алмай жүр.

Ал ақ халаттылар әйел мен шақалақтың өмірін сақтап қалу үшін қаладағы білікті мамандардың барлығы жұмылдырылды дейді. Қазір сот медициналық сараптамасы тағайындалды. Сот медициналық сараптамасы шыққан бойда арнайы комиссия құрылып, өлімнің себебін зерттейді. Сонымен қатар дәрігерлерді кінәлаған марқұмның туыстары құзырлы органдарға шағым түсірді. Ал шақалағымен бірге қаза тапқан келіншектің артында екі перзенті қалды.

 

Серіктес жаңалықтары