ШҚО-да 100-ге жуық отбасыға құрылысы бітпеген үйдің кілтін табыстаған
Тұрғындар облыс әкімі Даниал Ахметовтен көмек сұрап хат жолдағанымен, ол хат жауапсыз қалған
Өскеменде 100 ге жуық тұрғын жаңа үйдің кілтін алғанымен, пәтеріне әлі кіре алмай жүр. Себебі мердігер жөндеу жұмыстарын толық аяқтамаған. Үй жылумен қатар, ыстық, суық суға да қосылмаған. Бір сөзбен айтқанда тұруға жарамсыз.
Аталған үй Қаныш Сәтбаев даңғылы 55/6 мекен-жайында орналасқан. Жаңа үй иелеріне 2021 жылдың маусым айында беріліу керек болған. Бірақ, мердігер компанияның сылбыр жұмысының салдарынан құрлыс әлі толық аяқталмай келеді.
«Біз үйді Отбасы банк арқылы алдық. Сол кезде құрылыс компаниясы бәрін қатырамыз деген. Міне, әлі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ішінде су, тоқ және жылу да жоқ. Кілтті қолымызға беріп күттіріп қойды. 4 айдан асты. Ипотека төлеп, оның үстіне жалдамалы пәтерге тағы төлеп отырмыз. Мұндағы кейбір үйлерге мүлдем жөндеу жұмыстарын жасамаған. Мердігер TOO “VK DEVELOPMENT GROUP” компаниясы нысанды құрлыс бөліміне әлі өткізбеген. Бірақ бізге кілтті табыстады», - дейді үй иесі Ратхум Мұхаметжанов.
Тұрғындар мердігер компаниядан мардымды жауап ала алмаған соң, облыс әкімі Даниал Ахметовтың атына хат жолдаған. Өкінішке қарай, ол хат әлі жауапсыз. Пәтер иелері кұрлысты жүргізген тараптың тек бүгін ғана қимылдағанын айтуда.
«Осыған дейін мердігерге бірнеше рет айттық. Әне-міне деп әлі келеді. Журналисттер келеді деген соң ғана төбелерін көрсетті. Сіздердің арқаыңызда бір күн болсын келіп жұмыс істеп жатыр. Әйтпесе шақыртып келтіре алмадық. Үйдің терезесі сынып, дұрыс жабылмайды. Едені де босап жатыр. Үйдің ақшасын толық төледім. Бірақ сапасына көңілім толмайды. Қазір тұруға жарамайды», - дейді тұрғындардың бірі.
Мердігер тұрғындардың сөзінің шындыққа жанаспайтынын бірнеше мәрте қайталап, жылудың кеше қосылғанын айтты. Сөзінің растығына көз жеткізбек ниетпен ішке кіргенімізде, бірінші қабаттан бастап жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Ал, «жылу бердік» деген жауапты тұлғаның сөзі жалған болып шықты. Оған жылу радиаторларын ұстап көз жеткіздік.
«Жоқ, суық емес. Жылу бүгін ғана берілді. Қазір жылынады. Техникалық ақауларға байланысты жылу мен суды және тоқты тоқтатып қойдық», - деп ақталды мердігер компания өкілі.
Үй иелерінің айтуынша, пәтер бағасы да қымбат көрінеді. Енді олар қыс түспей, жаңа қонысқа кіруді талап етуде.
«VK DEVELOPMENT GROUP» компаниясының өкілдері мәселені екі апта уақыт ішінде толықтай шешеміз деп уәде етті.
«Біз тұрғындардың пәтер иелерінің кооперативіне қосылуын күттік. Қазір олар толық қосылды. Бүгінде жеке есептік шоттар ашылмаған және жеке келсімшарттар жасалмаған. Осы құжаттар бітсе, тұрғындар үйлеріне көшіп кіре алады. Жасалмаған жұмыстарды екі апта ішінде толық жасап беретін боламыз», - дейді техникалық сұрақтар бойынша директордың орынбасары Дамир Қалижанов.
Ал тұрғындар болса мердігер тараптың бұл уәжіне сенбей тарқасты.
Таунар Қайратұлы, ШҚО