Қоластындағыларды ұрған желілік полиция бөлімінің бастығы қызметінен қуылды
Оның өрескел әрекеті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады
Нұр-Сұлтан әуежайында түсірілген даулы видеоға қатысты Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Айта кетейік, полицейлердің жанжалы түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралған болатын. Видеодан ер адам полицейлердің бірін ұрғанын көруге болады. Желідегі бейнежазба сипаттамасында "желілік полиция бөлімінің бастығы қоластындағыларды ұрып жатыр" деп жазылған.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, видео жарияланғаннан кейін қызметтік тексеру жүргізілген.
"Көліктегі полиция басқармасының бұйрығы бойынша желілік полиция бөлімінің бастығы, сондай-ақ оның кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды. Көліктегі полиция департаментінің басшылығы бұл жағдай өрескел деп санайды және қызметтік-әскери тәртіпті бұзатын басшылар мен қызметкерлерден қатарды тазарту қағидатын ұстанады ", - делінген хабарламада.