$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.10.2021, 13:58
Қоғам

«Пәтерақы үшін жұмыс істеп кеттік»: жатақханадан орын жетпеген Абай университетінің студенттері онлайн режимге ауыстыруды сұрайды

Студенттер аталған мәселе бойынша ректорға жазбаша өтініш те жазған 

«Пәтерақы үшін жұмыс істеп кеттік»: жатақханадан орын жетпеген Абай университетінің студенттері онлайн режимге ауыстыруды сұрайды

Алматы қаласы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-3-курс студенттері онлайн оқу режиміне жібермей отырған ректорға өкпелі. «Azattyq Rýhy» редакциясынан көмек сұраған студенттер аты-жөндерін атамауызды сұрап отыр.

Жатақханадан орын жетпегендіктен қалада бірігіп пәтер жалдаған студенттер пәтерақысын төлейміз деп жұмысқа тұруына мәжбүр болған. Студенттердің айтуынша университетке аптасына бір күн ғана баратын курстар да бар.

«Сабақ кестесі бойынша, университетке аптасына бір-екі рет қана барамыз. Сол үшін қымбатқа пәтер жалдап отырмыз. Алматы «қызыл» аймақта тұрғандықтан «онлайн режимге жіберіңіздерші» деп ректор блогына өтініш жаздық. Ректор «мұндай шешім оқу жылы басталмай тұрып қабылданды. Сабақ тек офлайн режимде өтеді деп отыр», - дейді студенттер.

Дегенмен бұл университетте оқу жылы басталмай тұрып офлайн оқуы тиіс 1-курс студенттері онлайн режимге ауыстырылған екен.

«1 курстар 27 қыркүйектен бастап офлайн режимге ауысты. Сонда оларға қатысты қабылданған шешім өзгереді де, бірақ біздің өтініш орындалмайды. Көптеген студентке жатақханадан орын бөлінбеді. Жатақхана жетіспеушілігінен біз екі-үш қыз бірігіп, ай сайын 200 мыңға бір бөлмелі пәтер жалдап отырмыз. Пәтер бағасы әр студентке 40-50 мыңнан айналып жатыр. Сонда аптасына бір күн үш сабаққа 6 сағат отыруға барамыз. Шәкіртақымыз 31 000 теңге, ол тіпті пәтерақымызды да жаппайды. Сол себепті сабақпен бірге жұмыс істеуге мәжбүрміз. Ал сабақпен жұмысты алып жүру бізге қиындап кетті. Арамызда коронавируспен ауырып қалғандар да бар», - дейді ашулы студенттер.

Қаладағы өзге жоғары оқу орындары «офлайн» режимнен студенттердің қалауымен онлайн режимге ауысқан көрінеді.

«Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет, Қыздар педагогикалық универсиеті, Қазақ-түрік университетінің студенттері толықтай онлайн режимде. Біз неге ерекшеленіп жүрміз?! Алматыда соңғы екі айда пәтер бағасы қатты шарықтап тұр. Ата-аналарымыз денсаулығымызға да алаңдаулы, пәтерақы, күнделікті азық-түлігіміз, жолымыз бар. Бар өтінішіміз – онлайн режимге ауысу. Екінші курс абитуриенттері арасында 18-ге толмаған студенттер де бар. Олар жұмысқа да орналаса алмайды. Офлайн оқытады екен, онда өңірден келген студенттердің бәрін жатақханамен қамтамасыз етсін», - деді студенттер.

Аталған жағдайға байланысты «Azattyq Rýhy» тілшісі Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне хабарласып, биыл қанша студентке жатақхана берілгенін, студенттердің талап-тілегі нендей себеппен орындалмай жатқанын сұрады.

«2021-2022 оқу жылы жатақханаға 1 222 студент жолдама алды. Сонымен қатар, пандемиялық жағдайға байланысты елдеріне қайта алмаған шетелдік 26 студент жатақханада тұрады. Биыл университеттегі жатақхана тапшылығын ескере отырып университет басшылығы 156 орынға жалдамалы жатақхананы жалға алып отыр», - деп мәлімдеді оқу орнының қоғаммен байланыс бөлімі.

Оқу орны сол сияқты қащықтан оқу форматына қандай жағдайда жіберілетіні және биылғы оқу жылында қанша студент онлайнға жіберілгенін түсіндіріп өтті.

«Студенттерді қашықтан оқыту COVID-19, өкпе пневмониясының немесе басқа вирустық аурулардың белгілері болған жағдайда олардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, қашықтан оқыту мүмкіндігі шектелу білім алушылар үшін де ұйымдастырылады.

Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми кеңес мәжілісінің 27.08.2021 жылғы №1 хаттамасының негізінде 2021/2022 оқу жылының 1-курс бакалавриат, күндізгі бөлім студенттерінің бірінші семестріндегі сабақтары 2021 жылдың 27 қыркүйегінен бастап онлайн форматта жүргізіледі (4 783 студент). Офлайн форматта – 10 076 білім алушы оқиды. 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес әрбір оқу орны өзінің академиялық саясаты мен шарттарына байланысты аралас оқыту форматын қолдана алатындығын ескере отырып, біздің университет 2021-2022 оқу жылында blended learning (аралас оқыту) форматында өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші семестрде бірінші курс студенттері жалпы білім беретін пәндер бойынша сабақ алады. Осыған байланысты университет басшылығы бірінші курс студенттерін онлайн білім беруге уақытша ауыстыру туралы шешім қабылдады. Биыл оқуға қабылданған студенттердің 65 пайызға жуығы 18 жасқа толмағандар. Оқу форматы жоғары курс білім алушыларының білім сапасына әсер етпеуі үшін де офлайн форматта білім алулары қажет. Мамандықтарына сәйкес толыққанды білім алулары тиіс. Мамандықтардың ерекшеліктеріне сәйкес практикалық және зертханалық сабақтар жүргізіледі.  Қазіргі уақытта мүмкіндігінше әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан жоғары курс студенттерін де жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз»,-делінген ресми жауапта. 

Айжан Бақдаулетқызы, Алматы

Серіктес жаңалықтары