Байбек батыс облыстарда Nur Otan-ның сайлауалды уәделерінің іске асырылуын талқылады
Маңғыстау облысында 5 жылға жоспарланған сайлауалды бағдарламаның 27% орындалды
«Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін ол Маңғыстау облысында сайлауалды уәделердің орындалу барысымен танысты.
Өңірде 9 ай ішінде 2025 жылға дейін жоспарланған 872 іс-шараның 27% орындалған. 809 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген, 28 мектеп салынып, жөндеуден өткен, 22 мың тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды.
Бауыржан Байбек атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы аясында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. 2025 жылға қарай өңірлерде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100% балабақшамен қамту, сондай-ақ кезекке қою тәртібін толықтай цифрландырумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Маңғыстау облысында жыл басынан бері 18 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Сапар барысында Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов атындағы ауылда жеке инвестиция есебінен ашылған «HADIYA» балабақшасында болдым. Тәрбиешілермен бірге ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жас отбасыларға тұрғын үй салу, ауыл округтерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және өзге де мәселелерді талқыладық», – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Бұдан кейін Ақшұқыр ауылында Бауыржан Байбек «Сүлеймен» жаңа спорт кешенін аралады. Кешенде жастар үшін күрес, дзюдо, каратэ, көркем гимнастика, жүзу және т.б. спорт түрлері қолжетімді.
Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, жалпы сайлауалды бағдарлама аясында биыл өңірлерде 127 мыңнан астам спорт секциясы ашылып, 22 мыңнан астам балалар үйірмелерінің жұмысы қайта жанданған. Жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 1,5 есе өскен, ал 2023 жылға қарай 2 есе артады.
Осы күні кезектен тыс конференцияда «Nur Otan»-ның облыстық филиалының жаңа төрағасы болып Нұрлан Ноғаев сайланды.
«Филиал басшылығының алдына әрбір аудан мен қалада сайлауалды міндеттемелелерді сапалы орындау, фракциялар мен қоғамдық кеңестер жұмысын жандандыру, сондай-ақ, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы тұрғындардың мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру міндеттері қойылды», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сапар барысында Бауыржан Байбек еліміздің батыс өңірлерінде: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн форматта талқылаған.