Полицейлер интернет-алаяқтардан сақ болуды ескертеді

Автор: Azattyq Rýhy

Қаскүнемдер электрондық шотқа қаражат аудару арқылы алдын ала төлем сұрау сияқты қарапайым тәсілді пайдаланады

Жамбыл облысының Полиция департаменті интернет-алаяқтықтың көбейіп кетуіне байланысты қарапайы халыққа абай болуды ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскүнемдер электрондық шотқа қаражат аудару арқылы алдын ала төлем сұрау және бірнеше күн ішінде өңделетін тапсырысты жүзеге асыру секілді қарапайым тәсілді пайдаланады. Осыдан кейін тапсырыстың кешігетінін және тауар жақын күндері жеткізілетінін айтады. Алайда бірнеше аптадан кейін интернет-дүкен көрсетілген мекенжайы бойынша өз қызметін тоқтата қояды, сөйтіп тапсырыс беруші тауарды да, ақшаны да ала алмайды.

Полицияның ескертуінше, алаяқтар банк картасының деректемелерін немесе SMS кодын тауар үшін ақша аударуға сұрайды, содан кейін банк шотынан ақша ұрлайды екен.

«Қаскүнемдердің басты міндеті – кез-келген тәсілмен пайдаланушыдан қажетті ақпаратты білу. Ондай ақпараттарға: CVV/CVC карта коды және олардың нөмірлері, есептік жазбалардың парольдері және басқа да жеке деректер кіруі мүмкін. Сондықтан ешқашан жеке ақпаратты ашық қоймаңыз, өзін банк қызметкері болып таныстырса да, ешкімге жеке мәліметтеріңізді бермеуді ескертеміз»,  – дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілдері.