Алматы обысында суицид жасаған директордың орынбасары жұмыстан қуылды
Бұған дейін қоластындағы қызметкерлері оның үстінен бірнеше рет арыз жазып жұмыстан шығара алмаған
Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Ақсу ауылының тұрғындары директордың өліміне оның шаруашылық ісіне жауапты орынбасарын кіналаған еді. Мектептің бас ұстазы Азизжан Дараев орынбасарымен болған арадағы ұзақ жылдық даудан соң қыркүйектің 13 күні өз үйінде асылып қалған. Артынша тұрғындар мен ұстаздар 46 жастағы директордың өліміне Марат Мұхаметовты кінәлап, митингке де шықты.
Білім ордасының әбден шырқын бұзған шаруашылық ісінің басшысын ұжым да, аудан басшылары да жұмыстан шығара алмаған. Ақыры жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталған соң ғана М.Мұхаметов қызметтен арнайы бұйрықпен шығарылды.
«2015 жылғы 23 қарашадағы ҚР ЕК 52-бабы 1-тармағының 13 және 20-тармақшаларына сәйкес бұйырамын: «Алматы облысы білім басқармасының Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімі» ММ «Ғ.Сәдуақасов атындағы Үлкен Ақсу орта мектебі» КММ директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Мухаметов Марат Тұрдиевич 2021 жылдың 30 қыркүйегінен бастап жұмыстан босатылсын. М.Мұхаметовпен жасалған 30.09.2020 жылғы номері 10 еңбек шарты осы еңбек шартының 6 тармағының «Жұмыс берушінің бастамасы бойынша көрсетілген негіздер бойынша бұзылсын», - делінген Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Б.Розахуновтың бұйрығында.
Ұжымдағы қыз-келіншектерге қырындап, айтқанына көнбеген қызметкерлерді қыспаққа алуымен де аты шыққан орынбасардың үстінен бірнеше адам арыз түсірген. Мұхаметовты жұмыстан бұйрық арқылы шығару үшін аудандық білім бөлімінің басшысы, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары мен құрылған комиссия да арнайы хаттамалар толтырған.