$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.10.2021, 23:22
Қоғам

«Педагогикалық әдептен жұрдай»: Алматы облысында екі мектептің басшылары екінші жыл соттасып жатыр

Олардың әрекеті әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын болды

«Педагогикалық әдептен жұрдай»: Алматы облысында екі мектептің басшылары екінші жыл соттасып жатыр

Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты екі ауылда мектеп директорларының арасындағы дауды сот та тоқтата алмай келеді. Кербұлақ кентіндегі Күреңбел қазақ орта мектебі мен Малайсары ауылдық орта мектебінің басшылары осыған дейін екі рет соттасып, биыл үшінші рет сот залында жолыққалы отыр. Ал, облыстық Білім басқармасы болса екі директорды да педагогикалық әдептен жұрдай деп отыр.

Есте болса, бұған дейін Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кәмшат Қыстаубаева еден жуушы әйелді сотқа бергенін жазған болатынбыз. Мектеп басшысы қоластында істеген жұмысшыны «ар-намысыма, қызметтік беделіме нұқсан келтірді» деп санайды. Материалдық өтем ретінде ол еден жуушы Ұлболсын Қыстаубаевадан 3 млн теңге талап етіп отыр.

Осы сот ісіне жауапкер ретінде Малайсары ауылдық орта мектебі директорының міндетін атқарушы Күнсұлу Мүлкібаева да шақырылған. К.Қыстаубаева оны жалған сөйлеп, жала жапты дейді. Ол екеуі бұған дейін де бірнеше рет соттасқан екен. Облыстық Білім басқармасы сот шешімі әлі шықпаса да екі директорды педагогикалық әдептен жұрдай деп айыптады.

«Мектепте мұғалімдерге ақыл айтатын, шәкірттерге, оқушыларға жол көрсетуі тиіс бұл екі директордың әрекеті педагогикалық әдептен жұрдай, педагогикалық қылыққа жат. Олардың ісі білім сапасына кері әсерін тигізеді.  Мұғалім мәртебесіне де, мемлекеттік қызмектердің әдеп кодексіне де, педагогикалық қағидаларға да қайшы келеді. Ұстаздарға бұл директорлар қайтып үлгі болады?», - деді облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсара Исағұлова.

Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кәмшат Болатханқызы мен Малайсары ауылдық мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Күнсұлу Мүлкібаеваның арасындағы бітіспес дау WhatsApp мессенджеріндегі жазбадан басталған. Елуді еңсеруге жақындап қалған қос құрдастың қырқысын Кербұлақ ауданның әкімі де тоқтата алмапты. Амалы таусылған басшылар олардың қылықтарын әдеп жөніндегі комиссияның отырысында қарамақ.   

«Бұл нағыз сұмдық жағдай. Кәмшаттың (Қыстаубаева – ред.) жұмысында кемшіліктер болған, сол үшін сөгіс алған. Мүлікбаеваның мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы болып отырғанына үшінші жыл. Министрдің тапсырмасы бойынша мектеп директорларын қабылдау тәртібінде қазір тұлға үш айдан артық басшының міндетін атқарушы болып отырмауы керек. Сондықтан ол адамда директорлыққа тағайындалу үшін тесттен өтуі керек немесе жұмыстан босатылуы тиіс. Білім туралы заң бар. Соларды қарап, бір шешімге келеміз», - деді Басқарма басшысы.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

Серіктес жаңалықтары